23 августа 2025 г. 10:52

Газада ашаршылық ресми түрде халықаралық деңгейде расталды

Фото: Getty Images

БҰҰ қолдауындағы Азық-түлік қауіпсіздігін бағалау жүйесі (IPC) Газада ашаршылықтың басталғанын ресми түрде жариялады.

Алматы, NEGE. Бұл – Таяу Шығыста алғаш рет ашаршылықтың халықаралық деңгейде расталуы.

IPC дерегінше, қазіргі таңда секторда шамамен 514 мың адам, яғни тұрғындардың төрттен бірі, аштыққа душар болып отыр.

Егер гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік жасалмаса, қыркүйек соңына қарай бұл көрсеткіш 641 мың адамға дейін өсуі мүмкін.

Сарапшылар бұл жағдайды ең жоғары дағдарыс деңгейіне теңестіріп, IPC 5-деңгейі – "ашаршылық" деп бағалады.

Халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіріп отыр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ашаршылықты "адамзаттың сәтсіздігі" деп атады.

Оның айтуынша, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне жасалып отырған кедергілер жағдайды ушықтыруда. Ал Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми бұл жағдайды "моральдық трагедия" деп сипаттап, халықаралық қауымдастықты дереу әрекет етуге шақырды.

IPC сарапшылары да Газадағы аштықты "адам қолымен жасалған ашаршылық" деп бағалап, шұғыл шешімдер қабылдауды талап етті.

Дегенмен Израильдің Сыртқы істер министрлігі бұл деректерді жоққа шығарды. Ресми мәлімдемеде ашаршылық жайлы ақпарат ХАМАС тарапынан жүргізіліп жатқан "насихаттық науқанның бір бөлігі" деп бағаланған.

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қазір Газа тұрғындары азық-түліктің тапшылығынан ғана емес, тұрақты электр қуаты мен медициналық көмектің жеткіліксіздігінен де қатты зардап шегуде.