«Газ баллонын ашып, әдейі өрт тұтатқан»: Шахтинскідегі жарылыстың мән-жайы айтылды
Қарағанды облыстық полиция департаменті Шахтинскідегі пәтерді өртеді деп күдікке ілінген ер адамның ұсталған сәтінен видео жариялап, оқиғаның мән-жайынан хабардар етті.
Астана, NEGE. Бұған дейін күдікті ұсталып, Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылғаны хабарланған еді.
«40 жастағы ер адам көпқабатты үйде газ баллонын ашып, әдейі өрт тұтатқан. Тәртіп сақшылары тұрғындарды эвакуациялау кезінде жарылыс қаупіне қарамастан батыл әрекет етті.
Күдікті құрықталды, бірақ өрт салдарынан 5 полиция қызметкері жарақат алып, ауруханаға түсті», – делінген полиция хабарламасында.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, Шахтинск қаласында көпқабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылып, салдарынан 8 адам зардап шекті. Оның бесеуі – полиция қызметкері.