Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов отставкаға кетті
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын ресми растады.
Астана, NEGE. Федерация өкілдері Талғат Байсуфиновтың бас бапкерлік қызметіндегі жұмысын жоғары бағалап, оның құраманы басқарған уақытта ең үздік нәтиже көрсеткенін атап өткен. Соның ішінде әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстанның Бельгиямен өз алаңында тең түскен тарихи матчын ерекше атауға болады.
«Оның жетекшілігімен команда өз күшіне деген сенімділікті қайтарып, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты. Қазақстан футбол федерациясы бас бапкердің отставкасын өкінішпен қабылдай отырып, шешіміне құрметпен қарады», – делінген ресми хабарламада.
Бұған қоса, федерация өкілдері Байсуфиновтың кәсібилігі және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы кәсіби қызметінде сәттілік тілеген.
Сондай-ақ хабарламада ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы жоспарлы түрде жүріп жатқаны айтылған.
Айта кетейік, бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновты Венгриямен өтетін жолдастық кездесуден кейін қызметінен босатады деген ақпарат тараған еді.
Сол кезде федерация Байсуфиновтың қызметінен кететіні жөніндегі ақпаратты теріске шығарған болатын.