FIDE үшін бәсеке: Турловтың жеңісі Қазақстанның беделін арттыра ма?
Тимур Турловтың Халықаралық шахмат федерациясының президенті қызметіне үміткер болуы Қазақстан үшін саяси әрі беделдік маңызы бар оқиғаға айналуы мүмкін. Бұл туралы бельгиялық Brussels Morning басылымы жазды.
Астана, NEGE. Қазақстан шахмат федерациясын басқаратын Турлов FIDE президенті сайлауына қатысатын үміткерлердің қатарында. Сайлау қыркүйекте өтеді.
Басылымның пайымдауынша, FIDE-ні басқару тек шахмат жарыстарын ұйымдастырумен шектелмейді. Федерация әртүрлі кезеңдерде елдердің халықаралық беделін көтеріп, ықпалын арттыратын «жұмсақ күштің» құралы ретінде де қызмет еткен.
Бұған 1972 жылы америкалық Бобби Фишер мен кеңестік шахматшы Борис Спасский арасында өткен әлем чемпионаты дәлел. Сол кездегі кездесу АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы қырғи-қабақ соғыстың бір көрінісі ретінде қабылданған. Бұл шахматтың үлкен саясатпен астасып жататынын көрсетті.
Мақала авторының пікірінше, Қазақстан өкілінің FIDE басшылығына келуі елдің аймақтағы ықпалын арттырып, түркі елдері арасындағы беделін нығайтуы мүмкін. Сондай-ақ Қазақстанның Шығыс пен Батысты жалғайтын ел ретіндегі рөлін одан әрі күшейтуі ықтимал.
«Турловтың жеңісі Қазақстанның халықаралық беделін арттырып қана қоймай, оның өзінің саяси ықпалы мен әлемдік деңгейдегі мәртебесін де күшейтуі мүмкін», – деп жазады басылым.
Осы тұрғыдан алғанда, FIDE президенттігі үшін бәсеке тек шахмат ұйымын кім басқаратыны туралы мәселе емес. Ол Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын арттыруға мүмкіндік беретін саяси құрал ретінде де қарастырылып отыр.
Бұған дейін Турлов Аркадий Дворковичтің командасында FIDE президентінің орынбасары қызметіне сайлауға түсуді жоспарлаған. Алайда Дворкович Еуропалық одақтың санкциялар тізіміне енгізілгеннен кейін өз өкілеттігін уақытша тоқтатты. Кейін жағдай өзгерген соң Турлов Қазақстан шахмат федерациясындағы әріптестерімен және шетелдік серіктестерімен кеңесе келе FIDE президенттігіне өз кандидатурасын ұсынды.