26 декабря 2025 г. 11:09

Exclusive.kz «Қазақмысқа» ұнамаған тақырыпты өзгертуге мәжбүр болды

Фото: Kazakhmys Holding

Exclusive.kz сайты «Қазақмыс» корпорациясынан түскен сотқа дейінгі талап-арыздан кейін сирек кездесетін жер металдары туралы материалдың тақырыбын өзгертуге мәжбүр болды.

Астана, NEGE. Редакцияның мәліметінше, корпорация 3 қазанда жарияланған жаңалыққа байланысты сотқа дейінгі талап жолдаған. Материалдың бастапқы атауы «Қазақмыс енді сирек кездесетін жер металдарын бақылаусыз шығара алмайды» болған. Материал «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына жауап ретінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жіберген ресми хатқа негізделген.

«Қазақмыс» бұл жарияланымда «дұрыс емес әрі жалған ақпарат бар» және ол «іскерлік беделге нұқсан келтіреді» деп есептейді. Алайда редакцияның айтуынша талапта нақты қай мәліметтерді теріске шығару қажет екені көрсетілмеген.

«Сотқа дейінгі талап-арыздағы компанияның жалғыз уәжі – олардың «сирек кездесетін жер металдарын өндірумен және экспорттаумен айналыспайтыны». Бірақ жаңалықта «Қазақмыс» сирек кездесетін жер металдарын жеке өндіреді немесе экспорттайды деген тұжырым мүлде болмаған. Ал «Қазақмыс» атауы бар авторлық тақырып мемлекеттік органның түсті металдар концентратын экспорттауға бақылауды күшейту жоспарлары туралы ақпаратына негізделді», – деп түсіндірді редакция.

Талап-арызға жауап ретінде Exclusive.kz «Қазақмысқа» ресми сауал жолдап, шағымды нақтылауды, дұрыс емес деп саналатын мәліметтерді көрсетуді және корпорация министрліктің депутаттарға берген ресми жауабындағы ақпаратты қате немесе жалған деп есептей ме, соны түсіндіруді сұраған.

Алайда Exclusive.kz ақпаратына сәйкес, корпорация қойылған 11 сұрақтың ешқайсысына жауап бермеген әрі жарияланымда нақты қандай деректерді теріске шығару керектігін тағы да көрсетпеген. Тек тақырыптағы бір сөзге қатысты сын айтқан.

«Қазақмыс енді сирек кездесетін жер металдарын бақылаусыз шығара алмайды» деген тіркес «Қазақмыс» бұрын сирек кездесетін жер металдарын бақылаусыз экспорттаған деген мағынаны білдіреді, ал бұл шындыққа жанаспайды. Себебі «Қазақмыс» сирек кездесетін жер металдарын өндірумен де, экспорттаумен де айналыспайды», – делінген корпорацияның жауабында.

Осыдан кейін Exclusive.kz тақырыптан «енді» сөзін алып тастау туралы шешім қабылдады. Редакцияның мәліметінше, бір сөзді алып тастау қысымға көну немесе материалды теріске шығару емес, бұл өздерінің адал әрі жауапты жұмыс істейтінін көрсету.

Тегтер: