Ет бағасының қымбаттауына экспорттық сұраныс әсер етіп жатыр

Қазақстанда ет өнімдерінің қымбаттауына сыртқы нарықтағы жоғары сұраныс әсер етіп отыр. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

Pixabay

Астана, NEGE. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда ведомство Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, экспортты квоталау және өнімнің түпкілікті бағасына әсер ететін тиімсіз делдалдарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазір ет өнімдері бойынша бағаның өсу динамикасы бар, бірақ ол қалыпты деңгейде. Ең бастысы – нарықта ет жеткілікті. Соңғы демалыс күндері жүргізілген мониторинг бойынша сүйекті сиыр етінің бағасы шамамен 3 700 теңгені құрады. Сауда желілерінде сәл жоғары болғанымен, өнім тапшылығы жоқ», – деді министр.

Арман Шаққалиевтің сөзінше, бағаның өсуіне әлемдік нарықтағы сұраныстың артуы әсер етіп отыр. Соңғы жылдары Қытайда, Африка елдерінде және Өзбекстанда ет тұтыну көлемі айтарлықтай өскен.

«Біз – жаһандық нарықтың бір бөлігіміз. Көрші елдерде сұраныс артса, бұл біздің нарыққа да әсер етеді. Экспортқа қызығушылық жоғары болғандықтан, ол бағаның құбылуына ықпал етіп жатыр. Дегенмен қазіргі уақытта ет бағасында күрт өсім байқалмайды», – деді ол.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының шілде айының соңында жариялаған деректеріне сәйкес, бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған азық-түлік – қой еті. Оның орташа бағасы 27,7%-ға өскен. Сондай-ақ сиыр еті, тартылған ет, тұз және тауықтың сан еті де айтарлықтай қымбаттаған.

Шілде айында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет өндірісі, ішкі тұтыну және экспорт көлемін егжей-тегжейлі талдауды тапсырған еді.