Қазақстанда ет қымбаттап жатыр: Үкімет нарықты тексеруді тапсырды
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жыл басынан бері алғаш рет төмендегенімен, ет өнімдері әлі де қымбаттап жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет өндірісі, ішкі тұтыну және экспорт көлемін егжей-тегжейлі талдауды тапсырды.
Астана, NEGE. Шілденің алғашқы үш аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа индексі 0,1%-ға төмендеді. Бұл – жыл басынан бері тіркелген алғашқы төмендеу.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, соңғы аптада қызанақ 15,1%-ға, қияр 18,2%-ға, сәбіз 5,2%-ға, жұмыртқа 2,4%-ға арзандаған.
Алайда ет өнімдерінің бағасы өсуін жалғастырды. Қой еті 2%-ға, жылқы еті 1,3%-ға, тартылған ет 0,6%-ға қымбаттады.
Осыған байланысты премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ет және ет өнімдері нарығына толық талдау жүргізуді тапсырды. Зерттеу барысында өндіріс көлемі, ел ішіндегі тұтыну және экспортқа шығарылатын ет мөлшері есепке алынуы тиіс.
Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін ішкі өндірісті арттырып, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты іске қосу көзделген. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майының көлемін ұлғайтуы тиіс.
Жақын арада 40 нан өндіруші кәсіпорынға электр энергиясын жеңілдетілген тарифпен беру туралы құжат күшіне енеді. Үкімет бұл шара нан-тоқаш өнімдерінің бағасын ұстап тұруға көмектеседі деп есептейді.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті ел ішінде тасымалдауға 70% жеңілдік береді. Әкімдіктер жеңілдікті пайдаланған компаниялардың тауар бағасын негізсіз көтермеуін бақылауы керек.
Маусым қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Мамырда бұл көрсеткіш 10,4% болған.