20 февраля 2026 г. 10:11

Есірткімен ұсталған Qarakesek-ке үкім шықты

Фото: instagram/qarakesek_west

Ақтөбе қалалық сотында Qarakesek лақап атымен танымал рэпер Омар Амантаевтың ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 296-бабының 3-бөлігі (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша айып тағылды.

Астана, NEGE. «Диапазон» басылымының жазуынша, сот отырысы 18 ақпанға белгіленген. Алайда ол күні рэпер сотқа келмеген соң судья Тұрсынхан Салықов айыпталушыны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарды.

19 ақпанда сот отырысы әншінің қатысуымен өтті. Омар Амантаев ұнтақ салынған пакетті көшеден тауып алғанын, ішіндегі затты өзі қолданғанын айтып, кінәсін мойындады. Сондай-ақ төрт баласы бар екенін, кәсіпкерлікпен айналысатынын алға тартып, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын сұрады.

Үкім сол күні шығарылды. Сот айыпталушының жасын, бұрын сотталмағанын және кішкентай балалары бар екенін ескеріп, оны 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

«Бұл күніне 4 сағаттан ба? Олай болса, мен концерттерге шыға алмай қаламын, ал бұл – менің табысым», – деді әнші үкім жарияланғаннан кейін судьяға.

Судья бұл мәселелер бойынша пробация қызметіне жүгінуге кеңес берді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Qarakesek атымен танылған рэпер былтыр 30 тамызда ұсталған еді. Полиция мәліметінше, ол көлікті есірткіге мас күйде жүргізген. Тінту кезінде одан ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысы оның синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

Бұл дерек бойынша Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік іспен қатар қылмыстық іс қозғады.

Рэпер әкімшілік іс бойынша 15 тәулік қамақта отырды және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.