Ертісбаевты еске алғым келмейді – Магеррамов
Бұрынғы Мәжіліс депутаты, саясаткер Магеррам Магеррамов NEGE-нің Youtube арнасына берген сұхбатында Қазақстан Халық партиясының экс-төрағасы Ермұхамет Ертісбаев туралы пікірін білдірді.
Астана, NEGE. Сұхбатта Магеррамов партиядағы бұрынғы үзеңгілесі Ертісбаев туралы айтқысы келмейтінін жасырмады.
«Ашығын айту керек, ол адам туралы айтқым келмейді. Бұл – оған қандай да бір өкпе-ренішім бар деген сөз емес. Ешқандай өкпе-реніш жоқ. Бірақ ол туралы жалпы сөз қозғағым да, оны еске алғым да келмейді», – деді саясаткер.
Дегенмен Магеррамов Ертісбаевтың партиядағы бастапқы кездегі жұмысын оң бағалады. Оның айтуынша, Ертісбаев партия ішінде демократиялық әрі жылы жұмыс атмосферасын қалыптастыра білген.
«Ол сол кезде, кемі партияның алқалы органы ішінде, өте жақсы атмосфера қалыптастырды. Барлық мәселені бірлесіп шешетінбіз», – деді ол.
Алайда саясаткер екі тараптың партия жұмысына қатысты көзқарасы әртүрлі болғанын, әрқайсысы өз тәжірибесіне сүйенген айтады.
Айта кетейік, Магеррам Магеррамов Қазақстан Халық партиясы құрамына 2000 жылдардың басында, Қазақстан коммунистік партиясы аталып тұрған кезде кіріп, 2001-2004 жылдары партияның Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған. Ал Ертісбаев партия құрамына 2022 жылғы наурызда кірді.
«Ол өз тәжірибесіне сүйенді, мен де өз тәжірибеме сүйендім. Мен Парламентте болмаған кезде, партияны қалыптастыру кезеңінде осы жолдың бәрінен өттік. Ол бір тарапта жұмыс істеді, мен басқа тарапта жұмыс істедім. Кейін жолымыз Қазақстан халық партиясында түйісті. Содан бірге жұмыс істедік. Оны партия төрағасы етіп сайлаған соң, мен онымен жұмыс істедім. Тағы да қайталап айтамын: мен әрдайым бар нәрсемен жұмыс істеймін. Партия осындай шешім қабылдады», – дейді экс-мәжілісмен.
Бұған қоса, Магеррамов Ертісбаевтың партия төрағасы болып сайланған съезге не себепті қатыспағанына тоқталып өтті. Айтуынша, ол кезде Магеррамов Парламенттегі Үкімет сағатында баяндама жасауға тиіс болған. Сонымен қатар ол Ертісбаевтың сайлау алдында партия төрағасы қызметінен кетуін де күтпеген жағдай деп санамайтынын жеткізді.
«Жоқ, мен үшін бұл күтпеген жағдай болған жоқ. Бәрі соған қарай келе жатты», – деді Магеррамов.
Оның айтуынша, партияның болашағы туралы әңгімелер бұған дейін де болған. Басшылық құрам мүшелері болашақ жоспарларды бірге талқылаған. Алайда соңғы оқиғаларға қатысты нақты жоспарлардан Магеррамов хабардар болмаған.
Ал «Ертісбаев қазір партияға пайдасын тигізе ала ма?» деген сұраққа Магеррамов оның партиядан кеткенін айтып, жауап берді.
«Менің естуімше, ол партиядан кеткен. Яғни партияға тікелей қатысты саяси қызметін тоқтатты», – деді саясаткер.
Еске салайық, Ертісбаев маусым айында 2022 жылдан бастап басқарған Қазақстан Халық партиясының төрағасы қызметінен кетті. Оның орнына Нұрсұлтан Шоқанов сайланды.
ҚХП сайлауда Құрылтайға өтуге қажет 5 пайыздық межеден аса алмаған соң, Ертісбаев бұдан былай елдің ішкі саясатымен айналыспайтынын мәлімдеді.