Ертіс ауданында полицей суға батып бара жатқан екі баланың өмірін сақтап қалды
Оқыс оқиға 5 қазан күні болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар, NEGE. Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 5 қазан күні сағат 16:00 шамасында 12 жасар Аспандияр мен 11 жасар Қуаныш мектептен кейін Ертіс өзенінің жағасында серуендеп жүрген. Сол сәтте Қуаныш жарға тым жақын келіп, суға құлап кеткен. Оның жүзе алмайтынын білген Аспандияр досын құтқару үшін суға түскен.
Суға батқан қос баланы полиция қызметкері Азамат Саянов құтқарып қалды.
- Менің мақсатым суға батып бара жатқан балаларды құтқару болды. Маған бұл қиын болған жоқ, себебі бала кезімнен жүзумен айналысамын. Әрбір азамат осылай жасайтын еді деп ойлаймын, - деді полицей.
Полиция аға сержанты ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Балаларын құтқарып қалған полицейге олардың ата-аналары алғыс білдіріп, Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Алғыс хат жолдады.