1 ноября 2024 г. 10:20

«Эротика – ғылымның көкесі!» – «Қазақстанның халық жазушысы» Исраил Сапарбай тосын нәрселер айтты

Фото: massaget.kz

Исраил Сапарбай – белгілі бір қалыпқа сыймайтын лирик ақын. Оның қаламынан туған поэзия сезім қылын шертіп қана қоймай, көркемдік тінмен тұтасып, ерекше үйлесім табады. Өзін «Махаббат шайыры» деп санайтын ақын бұл тақырыпта кейде тым тереңдеп кетеді.

NEGE тілшісі жақында ғана «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болған ақын, сазгер, драматург Исраил Сапарбайды әңгімеге тартты.

– Исраил аға, жақында ғана «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болдыңыз. Бұл сізге кешігіп келген атақ емес пе?

– Ақын, сазгер, драматург, аудармашы саласында қатар еңбектеніп жүргенімнің арқасында бергені белгілі. Бұл атақты алуға әлдеқашан дайын едім. «Ештен кеш жақсы» деп берген екен, оған да рақмет. «Қазақстанның халық жазушысы» деген медалі мен куәлігі бар. Біздің мемлекетіміз сондай сараң, тіпті кедей дерсің. Мынандай заманда тек қағаз ғана емес, жанына қаржылай сый-сияпат қосып берсе болады ғой. Құр қағазбен алдай салады.

Шын мәнінде, менде еш қуаныш эмоция жоқ. 75-80 жасқа келгенде қандай эмоция болады? Ондайды сезінетін жастан әлдеқашан өтіп кеттім. Соны ертерек беруге болады ғой! Алланың берген қасиетін кімнен қызғанамыз? Егер Президент, Үкімет басшылығы кімнің кім екенін білсе, 40-50 жасымда алып қоюым керек еді. Өз басым мемлекеттік сыйлыққа бір-екі рет тапсырдым. Одан кейін енді ұсынбаймын деп шештім.

– Неге?

– Өзің сияқты адамдар «Мемлекеттік сыйлыққа неге құжат өткізбейсіз? Неге алмайсыз?» дегеннен кейін тапсырғанмын. Енді бермей жатса, маған байланысты емес қой. Әрине, берсе, аламын! Құдайға шүкір, еңбегімді жұрт біледі. Сан салада тынбай жұмыс істеп келемін. Одан артық не керек? Ал мемлекет бұл сыйлықты неге бермейді? Кімнің кім екенін білмей ме? Кейбіреулер тамыр-танысын салып ала берсін. Алақан жайып, тек Алладан ғана сұраймын. Маған ақындықты, сазгерлікті, аудармашылықты Алланың өзі берді. Екінің бірі ақын, композитор бола алмайды.

Өмірден өткенше қазақ халқына қызмет етемін, етіп те жүрмін. Мемлекет бере ме, жоқ па, ұят-аяты білсін. Сендер осы мәселені неге көтеріп, жазбайсыңдар?! Тілші қауымы тек алғаннан кейін ғана құттықтап хабарласады. Оны өз еңбегіммен алдым. Оған ақпарат құралдарының ешқандай көмегі болған емес.

Фото: Аманжолов университеті

– Таяуда немереңіздей қызға берген сұхбатыңызда көбінесе эротика тақырыбы туралы айтқан екенсіз. Көпшілік «Мына кісі алжыған ба? Жасына лайықты дүние айтпай ма?» деген пікір білдіріпті. Шынымен, бұл тақырып маңызды ма?

– Айналайын, жұрт айта береді, оттай береді! Осындай кезде бәрі ұялшақ боп қалады. Солардың көбі эротика дегеннің не екенін біле ме? Сұхбатты кімге, қалай беремін, өзім білем ғой. Журналист менен сұрады, жауап бердім. Жап-жас қыз емес.

Эротика – әдебиеттің бір жанры. Эротика – мәдениеттің шыңы. Соны сынап-мінеп отырғандар – сауатсыз надандар. Эротика – қазақтың сөзі емес, халықаралық сөз. Бұл – гректің сөзі. Адамзат әлемінде «этика, эротика, эстетика» деген ұғым бар. Мұның бәрі хайуанның емес, адамның бойында бар. Мен неге мұны жазбауым керек? Неге айтпауым керек? Сынай берсін, міней берсін. Оқымаса, білмесе – бұл өзінің надандығы. Сөйте тұра сен жазсаң, жабыла кетеді.

– Бұл тақырыпқа арналған «Түнгі әуендер» жинағыңызды білеміз. Алайда «Басқа да эротикалық өлеңдерімді шығарайын десем, оқырман сынап тастай ма деп қорқып жүрмін» депсіз.

– Мен ешкімнен қорықпаймын, тек Алладан ғана қорқамын. Өлеңді әр кезде, әр мезгілде жазамын. Құдайға шүкір, жазып жатырмын. Ал неге жарық көрмейтінін баспалардан сұрашы. Бәлкім, алдағы уақытта кітап болып шығар. Бірақ бұл – менің мұрам ретінде қалатыны анық. Өзім бұл тақырыпта талай дүние оқыдым. Қазақ неге эротика жазбауы керек? Бұл – еркек пен әйелдің арасындағы жыныстық қарым-қатынастың мәдени, эстетикалық түрі.

– Сонда өзіңізді төсек мәселесін әдеби, мәдени түрде жеткізіп жүрген ақынмын деп санайсыз ба?

– Соны менен гөрі оқырман ретінде сендер жақсы білулерің керек. Ежелгі Грекия заманында, Шығыста Омар Хайям өмір сүрген уақытта эротика болды. Эротика – адам туралы әлемдік дәрежедегі ғылым. Ғылымның көкесі осы! Білмейтін, сауатсыздар мұны «төсек қатынасы» дейді. Ал неге бұл ғылымды оқымауым керек? Оқыған соң, жазамын. Қазақ та – халық. Әр адам – тұлға, жеке индивид. Осыны сынағандарға түсіндірсеңдер ғой. Надандыққа қарсы шығу керек қой.

– Сізге «Махаббат шайыры» деген атақты да сол оқырмандарыңыз берді емес пе?

– Иә, «Махаббат шайырымын». Оған кімнің таласы бар, сонымен жүздестірші. Сол адамның интеллектуалдық деңгейінің қандай екенін немесе надандығын дәлелдеп беремін. Мен кез келген сұраққа тура жауап беремін. Өтірік айта алмаймын. Мысалы, ақын Мұхтар Шахановпен беттестіріңдерші, кімнің кім екені сол кезде белгілі болар еді.

Коллаж: ғаламтордан

– Соңғы кезде жалғызсырап жүрген сияқтысыз...

– Әр адам – жеке болмыс. Мен – тұлғамын. Менің ішкі дүниеме, сезіміме ешкім ене алмайды. Мен қалай жалғыз боламын? Қазақтың қызы, қазақ әйелі бар кезде ешуақытта жалғыз емеспін. Отаны, елі, қазағы барда тұлға жалғыз емес. Шығармам да жеке қалғанда туады. Сол кезде ішкі әлеміме енемін. Жалғыздық бәрінің бойында бар. Мұны көп адам түсінбейді.