Мұхтар Шаханов: Исраил оттай береді!
Ақын Исраил Сапарбай «Сойқан сұхбат» youtube арнасына берген сұхбатында жазушы Мұхтар Шахановпен қарым-қатынасы туралы айта келе, «интеллектуалдық білімі жоқ» дегенді әлденеше рет қайталай берді.
Сөзбе-сөз келтірсек, «Шахановтың интеллектуалдық білімі жоқ. Мың жерден талант болғанмен, білім керек. Ол маған білім жағынан тең келе алмайды. Талай рет көзім жетті. Мен отырған жерге Шаханов отыра алмайды. Себебі одан гөрі менің білімім мықты. Бірақ мен оған «сенен білімім мықты» деп айта алмаймын, ұят болады. Туа бітті ақын болғанымен, интеллектуалдық білім керек ақынға», – деді ол.
Сондай-ақ, Исраил Сапарбай: «Екеуміз құрдаспыз. Ол кезінде Шәмшімен, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асановпен бірге жүрді. Оқуға түскен кезімде ол мен оқитын Шымкенттегі педагогикалық институтқа сырттай оқуға құжат тапсырды. Барып оқыған жоқ. Неге екенін білмеймін. Ал мен барып оқыдым. Екеуі екі бөлек нәрсе.
Ол ерте есейді. Бірақ ақын болу үшін Алладан талант берілу керек. Педагогикалық институттың өзін 4-5 жыл оқып бітірген адаммын. Ал ол сырттай бітірді. Бір күні ректормен жиналыста Мұхтар Шахановтың 25 пәннен қарызы бар екенін білдім. Оқуға тапсырғанымен ешқандай сессияға келмеген.
Бірде ректор: «Мұхтар Шаханов бірде бір сессияға келмеді, оқудан шығарып жіберейік» дегенде мұғалімдер қорғап «ертеңі бар азамат, бізге мақтаныш болады» деп алып қалды. Ол кезде мен мән берген жоқпын. Бітірмесе де дипломды оған сол өтірік беруі мүмкін. Ал мен білім алып, оқыдым», – деген.
Бұған Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, Қырғызстанның халық ақыны Мұхтар Шаханов не дейді? NEGE тілшісі хабарласып көрді.
– Мұхтар аға, замандасыңыз ақын Исраил Сапарбайдың сіз туралы айтқан пікірін естідіңіз бе?
– Қайда? Не айтыпты? Айтса, айта берсін. Менің шығармаларым әлемнің 200-жуық тіліне аударылып, осыншама елдің мемлекеттік сыйлығын алған адаммын ғой.
– Ақын Исраил Сапарбайдың олай деуіне не себеп екенін айтып берсеңізші.
– Жоқ, керек емес. Бүкіл жер шары менің кім екенімді біледі ғой.
– Ол кісінің «Мен бар жерде Шаханов отыра алмайды. Себебі одан гөрі менің білімім мықты» дегені шамыңызға тимеді ме?
– Кім не айтпайды? Исраил оттай береді!
– Жалпы, сіздің жоғары біліміңіз бар ма? Жоғары оқу орнын да тиіп-қашып бітірдіңіз бе?
– Айттым ғой, аузына келгенді оттай берген. Әлемді шарлаған адаммын, барлығының сыйлығын алғанмын. Мендей көп сыйлық алған адам жер шарында жоқ.
– Әңгіме сыйлық туралы емес. Исраил Сапарбайдың пікіріне айтатын уәжіңізді білсек деп едік.
– Жақсы, айналайын, қоя берші соны...