Эпштейн ісі: құжаттар арасында Назарбаевқа фокус көрсеткен адамның хаты бар
АҚШ Әділет министрлігі кәсіпкер Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жариялаған материалдардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев, Қайрат Келімбетов және Өмірзақ Шөкеевтің есімдері де аталады.
Астана, NEGE. 2014 жылғы қазанда норвегиялық дипломат Терье Рёд-Ларсен мен Қайрат Келімбетовтің көмекшісі арасындағы хат алмасу болған. Осы хаттардан Нью-Йоркте Келімбетовтің Джеффри Эпштейнмен және АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі Лоуренс Саммерспен кездесуін ұйымдастырғаны белгілі болады.
Бұл кешкі асқа Келімбетов жұбайымен бірге, сондай-ақ өзінің орынбасары Нұрлан Құсайыновпен барған.
«Сәлеметсіз бе, Эпштейн кешкі асты өз үйінде ұйымдастырады. Келімбетов мырзаның кешкі сағат жетіде келуін, ал жұбайы мен орынбасарының кешкі асқа сегізде қосылуын ұсынамын», – деп жазған Терье Рёд-Ларсен.
- Тақырыпқа орай: Эпштейн ісінде Кәрім Мәсімовтің аты аталған
2015 жылғы хат алмасулардың бірінде сол кезде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарған Өмірзақ Шөкеевтің есімі де аталады.
Nexus Eurasia стратегиялық коммуникациялар агенттігінің өкілі жазған хатта: «Мен Өмірзақ Шөкеев мырзаның Саммерс мырзамен кездесуін ұйымдастыру мәселесі бойынша хат жолдап отырмын.
Шөкеев мырза келесі сейсенбі, 14 сәуір күні үкіметтік делегация құрамында Нью-Йоркте болады және сағат 11:00 мен 14:00 аралығында кездесуге қатыса алады. Басқа мәселелермен қатар, Шөкеев мырза Қор қолдау көрсетіп отырған кітап жобасын, сондай-ақ осы жобаға Саммерс мырзаның сарапшы немесе кеңесші ретінде қатысу мүмкіндігін талқылауды қалайды», – деп көрсетілген.
Эпштейн ісі бойынша жарияланған материалдардың арасында америкалық иллюзионист Дэвид Блейннің хаты да бар. Онда ол түрлі елдердің президенттеріне жеке түрде өнер көрсетіп, сиқырлы трюктерімен таңғалдырғанын жазады. Айтуынша, олардың қатарында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та болған.