16 февраля 2026 г. 12:35

Трамп, Маск, Бейонсе: АҚШ-тың Бас прокуратурасы Эпштейн ісі бойынша 300 адамның тізімін жариялады

Фото: instagram/agpambondi

АҚШ-тың бас прокуроры Памела Бонди Эпштейн ісіне қатысы бар деп көрсетілген 300 саясаткер мен танымал тұлғаның тізімін жариялады.

Астана, NEGE. Бонди Конгреске Әділет министрлігі жариялауға міндетті болған барлық құжат толық ашылғанын хабарлады, деп жазады The New York Post.

300 адамның қатарында АҚШ президенті Дональд Трамп, Барак Обама мен Мишель Обама, Билл Гейтс, Билл Косби, Роберт Де Ниро, сондай-ақ Билл Клинтон мен Хиллари Клинтон бар.

Тізімде, сондай-ақ, Гарри ханзада, Вуди Аллен, Камала Харрис, Марк Цукерберг, Брюс Спрингстин, Илон Маск, Папа Иоанн Павел II, Нэнси Пелоси, Боно, Бейонсе және басқа да көптеген танымал тұлғалардың есімдері кездеседі.

Алайда аталған тұлғалардың бұл тізімге енуі олардың қандай да бір заңсыз әрекет жасағанын немесе Эпштейнмен тікелей байланыста болғанын білдірмейтіні атап өтілген.

Бас прокурор мен оның орынбасары Тодд Бланш Өкілдер палатасы мен сот комитеттерінің жетекшілеріне жолдаған хатында бұл құжаттардағы кейбір құпия ақпарат әлі де жасырын күйде қалғанын атап өткен. 

«Департамент тоғыз түрлі санаттың кез келгеніне қатысы бар барлық жазбаларды, құжаттарды, хабарламаларды және тергеу материалдарын жариялады», – делінген Бонди мен Бланш жолдаған хатта.

Бонди мен Бланш «ешбір жазба мемлекеттік қызметкерге, қоғам қайраткеріне немесе шетелдік жоғары лауазымды тұлғаға қатысты болса да, ыңғайсыздық тудырады, беделге нұқсан келтіреді деген себеппен жасырылмағанын немесе редакцияланбағанын» айтады.

Айта кетейік, АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жариялаған материалдардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев пен Өмірзақ Шөкеевтің есімдері де аталады.

Бұдан бөлек құжаттар арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің есімі кездеседі.