Енді фильмдер прокатқа шығарылғанға дейін сараптамадан өткізіледі
6 қаңтарда Сенат депутаттары креативті индустрияларды қолдау және дамытуға қатысты заңнамаға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады.
Астана, NEGE. Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы талқыланды.
Заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасаған.
«Заңның мақсаты – қазіргі күнгі талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының мәдениет саласын жаңғырту, сондай-ақ дербес және экономикалық маңызы бар сектор ретінде креативті индустрияларды институционалдық қалыптастыру.
Заң "Мәдениет туралы", "Кинематография туралы", "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" және "Мемлекеттік мүлік туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді», – делінген қорытынды құжатта.
Өзгерістерге сәйкес, «Мәдениет туралы» заңға мынадай негізгі нормалар енгізіледі:
- тұжырымдамалық аппарат кеңейтіледі (креативті индустриялардың жұмыскері мен субъектісінің анықтамалары, сондай-ақ есепке алудың
онлайн-платформасы және қолдау ретінде креативті индустриялар субъектілерінің тізілімі енгізіледі); - креативті индустриялар құқықтық реттеу саласына енгізіледі, мәдени және креативті қызмет туралы ережелер нақтыланады;
- мәдениет саласындағы уәкілетті органның тізілімді қалыптастыру және жүргізу, мемлекеттік мәдениет ұйымдарының мүлкін жалға алу қағидаларын бекіту, сондай-ақ мемлекеттік қоса қаржыландыру кезінде жеке инвестицияларды тарту мониторингі жөніндегі құзыреті айқындалады;
- әкімдіктерге креативті индустриялардағы кәсіпкерлік арқылы өзін-өзі танытуы және таланттарды дамыту үшін жағдай жасау жөнінде өкілеттіктер беріледі;
- креативті индустрия жұмыскерлерінің құқықтары бекітіледі (ақпаратты қорғау, үшінші тұлғаларды тарту, кәсіби бірлестіктерге қатысу, мәдени ұйымдарға қол жеткізу);
- ұйымдастырушылардың шетелдік ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді олар өткізілгенге дейін 30 жұмыс күні бұрын келісу міндеті белгіленеді, келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды;
- тыйым салынған мазмұн анықталған кезде мұндай іс-шараларға тыйым салу немесе тоқтата тұру үшін негіздер бекітіледі.
«Кинематография туралы» заңға мынадай нормалар енгізіледі:
- фильмге прокаттау куәлігін алуға өтінішті қарау мерзімін 7-ден 30 жұмыс күніне дейін ұлғайту;
- Қазақстанда өндірілген фильмдерде пайдаланылатын туындылар туралы мәліметтерді беру туралы тармақты прокаттау куәлігін алу үшін қойылатын талаптардан алып тастау;
- уәкілетті органның заңда белгіленген белгілерді анықтау және фильмді көрудің жас санатын айқындау үшін сараптама комиссиясының фильмді прокатқа дейінгі сараптамадан өткізу, сондай-ақ мұндай комиссияның ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібін айқындауы.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға жастарды креативті қызметке тартуға және олардың креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға жәрдемдесуге, сондай-ақ осы саладағы жастар бастамалары мен жобаларын қолдау шараларын әзірлеу және іске асыруға бағытталған нормалар енгізіледі.
«Мемлекеттік мүлік туралы» заңда аталған мүлікке тиісті ережелердің таралуын бекіте отырып, республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының мүлкін оның қолданысына енгізу есебінен реттеу саласын кеңейту көзделген.
Сенаторлардың мәлімдеуінше, заңның қабылдануы мәдениет саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға және ілгерілетуге ықпал етеді.