Елордалық тұрғын: Аула қардан тазаланбаған

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары боранға байланысты далаға шыға алмай қалды. Мектепте сабақ тоқтатылып, көшеде қозғалыс шектелді. Кеше 8.00-ден кешкі 17.15-ке дейін Нұр-Сұлтан қаласының құтқарушылары қар құсауынан 36 жеңіл көлік пен 1 автобусты, 1 жүк көлігін (фура), 1 тиегішті және 59 адамды құтқарған. Кеше қала әкімі А.Көлгінов шұғыл жиын өткізіп, тиісті тапсырма бергенмен, орындаушылары жайбасарлық танытып жатыр ма, әлде техника жетіспей ме, әйтеуір тұрғындар наразы.

Алматы, NEGE. Астаналық тұрғын Марғұлан Жабықбайұлының айтуынша, бүгін боран басылғанмен, қар жауып тұр. «Тіпті, көшеге шыға алмай қалдық. Ауланың қары тазаланбаған. Коммуналдық қызметкерлердің жұмысы баяулап кетті. Бүгін де сабақ тоқтатылды», – деді.

Айтпақшы, елордада қарды уақтылы тазаламағаны үшін ұйымдарға 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Полиция Департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы күнделікті негізде қала аумағын қар мен мұздан тазарту жұмыстарына бақылау жүргізуді қолға алды.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қыс мезгілі басталғалы бері қарды уақытылы тазаламағаны үшін 172 құқық бұзушы жауапқа тартылып, айыппұлдың жалпы көлемі 4 985 985 теңгені құрады. «Қызмет көрсетілетін үйлердің іргелес және бекітілген аумағын қар мен мұздан уақытында дұрыс тазаламағаны үшін 26 қызмет көрсетуші ұйым (ПИК, ЖШС) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл көлемі 954 360 теңгені құрады. Қазіргі кезде тазарту жұмыстарымен айналысатын мердігерлік ұйымдарға бақылау күшейтілді. Қыс маусымы басталғалы жалпы сомасы 2 315 290 теңгені құрайтын 30 мердігерлік ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деді.

Абаттандыру ережелеріне сәйкес, ғимарат иелері мен оны жалға алушылар тиесілі аумақты уақытылы қардан тазартып, қарды полигонға шығару жұмыстарымен дербес не басқа ұйымдармен келісе айналысулары қажет. Алайда, шағын және орта бизнес өкілдерінің жоғарыда көрсетілген ережелерді бұзу фактілері анықталды. Осы орайда 87 ШОБ объектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 788 850 теңге соманы құрайтын айыппұл салынды. Сондай-ақ, қарды белгіленбеген жерге төккендері үшін жүк автокөлігінің 29 жүргізушісіне 927 850 теңге айыппұл салынды.

Қазір оқып жатыр

21 наурыз – «Ынтымақ күні»

Журналист Ботагөз Омарова үйқамаққа алынды

Ломбардтағы қарыздар соттан тыс банкроттық шартынан алынып тасталды

Алматыда дәрігерлер әйелдің іш қуысынан 25 келілік үлкен ісікті алды