Петропавл жастары ЖИ көмегімен өңірдің экологиялық мәселелерін шешу жолдарын ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа ұқыпты қарауға және азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Петропавл қаласында «ЭкоХакатон: таза қалаға арналған шешімдер» атты экологиялық хакатон өтті.
Астана, NEGE. Хакатон аясында қатысушылар төрт командаға бірігіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы өзекті экологиялық мәселелерді анықтау және талдау жұмыстарын жүргізді. Жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, командалар аталған мәселелерді шешудің ықтимал жолдарын қарастырып, өзара пікір алмасып, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жеке жобаларын әзірледі.
Хакатон барысында ұсынылған идеялардың тәжірибеде қолданылу мүмкіндігіне, жергілікті тұрғындар үшін өзектілігіне және алдағы уақытта жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект ақпарат іздеу, деректерді талдау және шешімдер әзірлеу құралы ретінде қолданылды. Ал жобаларды қалыптастыру мен негізгі шешімдерді қабылдауда басты рөлді қатысушылардың өздері атқарды.
«Біздің мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау бастамашылдықтан, жаңа идеялардан және нақты әрекетке дайын болудан басталатынын көрсету. Бүгінде жасанды интеллект жастарға тиімді шешімдер іздеуде қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Студенттердің экологиялық үдерістерді сырттай бақылаушы емес, өңіріміздегі оң өзгерістердің белсенді қатысушысы болғаны маңызды», – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова.
Хакатон қорытындысы бойынша командалар өз жобаларын таныстырып, өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
«ЭкоХакатон: таза қалаға арналған шешімдер» экологиялық күн тәртібі мен заманауи цифрлық технологияларды ұштастыратын, жастардың бастамаларын қолдайтын және Солтүстік Қазақстан облысының таза әрі тұрақты болашағына бағытталған нақты шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін алаңға айналды.