Екі экс-министрдің арызынан кейін Гүлнар Бажкеноваға айыппұл салынды
Бүгін Orda басылымының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Сот барысында журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатуды сұрады.
Астана, NEGE. Бажкенованың айтуынша, қорғаушы тарап сотқа қылмыстық істі дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтату туралы өтінішхат берген. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша «заңсыз кәсіпкерлік қызмет», 189-бабы бойынша «сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету» және 274-бабы бойынша «көрінеу жалған ақпарат тарату» айыптары тағылып отыр.
Журналист тергеу органдары 2018-2025 жылдар аралығында сатып алған және сатқан 10 пәтерді кәсіпкерлік қызметтің дәлелі ретінде көрсеткенін айтты. Айыпталушының сөзінше, бұл пәтерлердің бірқатарында ол өзі тұрған және бірнеше жыл өткен соң ғана сатқан.
«Тергеу 2018 жылдан 2025 жылға дейін сатып алған және сатқан 10 пәтердің тізімін ұсынып отыр. Мысалы, сол тізімдегі бір пәтерді мен 2005 жылы сатып алып, 2018 жылы ғана саттым. Ол үйде өзім тұрдым. Кейін Назарбаев көшесіндегі пәтерді сатып алдым. Одан кейін қазір өзім тұрып жатқан пәтер бар. Тағы екі пәтерді екі жылдан астам уақыт иелендім. Егер пәтерді бір жылдан кейін сатсаңыз, тіпті салық та төлемейсіз. Сондықтан, шынымды айтсам, компания тіркеуім керек деген ой мүлде болған жоқ. Егер мен жыл сайын он, он бес пәтер сатып, үлкен айналым жасап отырсам, бір жөн. Бірақ жылына бір-екі пәтерден артық алмадым. Оларды тек ақшамды инфляциядан сақтау үшін сатып алып, жөндеп, кейін сататынмын», – деді ол.
Сондай-ақ Бажкенова 189-бап бойынша тағылған айыпқа түсініктеме берді. Оның айтуынша, 2024 жылдың соңы мен 2025 жылы қызметкерлердің жалақысының бір бөлігін қолма-қол төлеу үшін қаражатты Orda-ның бұрынғы SMM бөлімінің жетекшісі Ислам Абдуғаппаровтың жеке кәсіпкерлігіне аударып отырған.
«Бізге қолма-қол ақша қажет болды. Себебі әр қызметкер үшін барлық төлемді ресми жүргізсеңіз, шамамен 40 пайыз салық төлейсіз. Сол себепті мен қызметкерлердің жалақысының шамамен жартысын қолма-қол төлеуге тырыстым. Исламның жеке кәсіпкерлігіне ай сайын 10, 15, кейде 20 миллион теңгеден аударып отырдым. Бұл қаражат кейін қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалды», – деді журналист.
Оның сөзінше, компания қызметкерлері тергеу барысында жалақының бір бөлігін банк арқылы, қалғанын қолма-қол алғандарын растаған. Ал кеңседе тінту кезінде табылған 40 миллион теңге де дәл осы жалақы төлеуге дайындалған қаражат болған.
«Тергеу мен ақшаны иемденіп алдым деп көрсетіп отыр. Яғни олар қызметкерлерге жалақы төледі деп емес, сол ақшаны мен жымқырдым деп бағалап отыр», – деді Бажкенова.
Сонымен қатар, Бажкенова қылмыстық істен бөлек, өзіне қатысты азаматтық және әкімшілік істердің де барын айтты. Соның біреуі бойынша сот отырысы 29 маусымда өткен.
«26 маусым күні ғана бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың және Мұрат Нұртілеудің жала жабу туралы талап арызын алдым. Маған талап арызды тек 26 маусымда тапсырды, ал сот отырысын 29 маусымға белгілеп қойды. Мен дәлелдерімді дайындауға уақыт қажет екенін, осынша қысқа мерзімде өз кінәсіздігімді қалай дәлелдей алатынымды айттым. Алайда маған ешқандай уақыт берілген жоқ. Соның нәтижесінде екі күн бұрын өткен сотта мені Ғани Бейсембаев пен Мұрат Нұртілеуге жала жапты деп танып, шамамен 700 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл – әкімшілік сот. Сонымен қатар менің азаматтық істер бойынша да бірнеше сотым өтіп жатыр», – деді ол.
Еске салайық, Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында журналист, Orda сайтының негізін қалаушы және бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Сот отырысы алдында Гүлнар Бажкенова журналистер қойған сұрақтарға жауап беріп, қылмыстық іске қатысты пікір білдірді. Айтуынша, 18 томдық қылмыстық істі жеті ай тергеу барысында оны екі рет қана жауап алуға шақырған.