«7 айда жауап алуға екі-ақ рет шақырды»: Алматыда журналист Гүлнар Бажкенованың соты басталды
Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында журналист, Orda.kz сайтының негізін қалаушы және бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды.
Астана, NEGE. Сот отырысы алдында Гүлнар Бажкенова журналистер қойған сұрақтарға жауап беріп, қылмыстық іске қатысты пікір білдірді. Айтуынша, жеті айда 18 томдық қылмыстық істі тергеу барысында оны екі рет қана жауап алуға шақырған, әрбір жауап алу шамамен 15 минутқа созылған.
Журналистке көрінеу жалған ақпарат таратты, аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты және мүлікті жымқырды деген айыптар тағылған.
«Жалпы сегіз іс бар. Оның бірі – жалған ақпарат тарату. Бұл бойынша сегіз эпизод қарастырылған, оның бесеуіне қатысты бейнежазба бар. Тергеушіге: "Міне, айтылғандардың рас екенін дәлелдейтін бейнежазба бар, бұлар қалайша жалған ақпарат болуы мүмкін?" дедім. Ал үш эпизод бойынша бейнежазба жоқ. Яғни сегіздің бесеуіне дәлел ретінде видео ұсынылған», – дейді Бажкенова.
Ал заңсыз кәсіпкерлік бабы бойынша іс пәтерлерді сатып алу және сатуға байланысты қозғалған. Ол «2018 жылдан бастап компанияны тіркемей, пәтер сатып алып, сатумен айналысты» деп айыпталған. Бажкенованың мәлімдеуінше, бұл тізімге журналистің қазір тұрып жатқан және бұрын бірнеше жыл тұрған пәтерлері де енгізілген.
«Оларға 10 пәтердің саны керек. Бірақ олардың тізіміне қазір тұрып жатқан пәтерім де енгізілген. Мен онда 2022 жылдан бері тұрамын. Сондай-ақ 2005 жылы сатып алып, 2013 жылға дейін тұрған пәтерімді де есепке қосқан. Мен Мәсанчи көшесіндегі сол пәтерде 13 жыл тұрдым. Оны да енгізіпті. Назарбаев көшесіндегі тағы бір пәтерді 2018 жылы сатып алып, кейін саттым. Ол жерде бес жыл тұрдым. Екі пәтер екі жыл бойы менің иелігімде болды, ал тек бесеуін ғана бір жыл ішінде саттым. Барлық салықтарды төлеп отырдым», – дейді журналист.
Сондай-ақ Гүлнар Бажкенова адвокаты Мұрат Адамнан өз еркімен бас тартпағанын, кейін Мұрат Адам тауып берген бес қорғаушының да журналисті қорғаудан тартынғанын атап өтті. Журналист сотта өзін-өзі қорғамақ болған. Алайда заң талабына сәйкес, соңында мемлекеттік қорғаушының көмегіне жүгінуіне тура келген.
«Өздері қорықты ма, әлде біреулер хабарласты ма, нақты айтпады. Әуелде келіседі, кейін: "Кешіріңіз, қолымнан келмейді. Балаларым, отбасым бар" деп бас тартты. Мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін, қатты таңғалдым. Тіпті билікке ашық қарсы жүрген оппозиционерлерге де адвокаттар жұмыс істей береді ғой.
Мен мемлекеттік адвокаттан бас тартып, мұндай жағдайда өзімді өзім қорғайтыным туралы өтініш жаздым. Бірақ біздің заңнама бойынша бұл мүмкін емес екен. Адвокат бәрібір келіп, процеске қатысуы тиіс», – дейді ол.
Еске салсақ, 1 желтоқсанда полиция Orda редакциясының Алматы мен Астанадағы кеңселерінде, сондай-ақ журналистің пәтерінде тінту жүргізді.
Кейін Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Көп ұзамай Гүлнар оған қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Таяуда премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Гүлнар Бажкенованың сотына қатысты ойын білдіріп, оның кәсіби журналист екенін атап өтті.
Қазір оқып жатыр
Қазақстан экономикасы тек мұнайға тәуелді емес: шетелдік сарапшылар инвестиция көлемі мен өнеркәсіптің өскенін атап өтті
Терроризмге қарсы қорғанысты әлсіреткені үшін 263 басшы айыппұл арқалады
Қазақстан Ресейге жанар-жағармай жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын
Мемлекеттің заңсыз әрекетінен келген зиянды өтеу құқығы Конституцияда бекітілді