«Дұғам қабыл болды»: Бақытжан Базарбек жол апатында зардап шеккен жігіттің қазіргі жағдайын айтты
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апатында зардап шеккен Нұржігіт Қошанов есін жиып, денсаулығы қалпына келе бастаған.
Астана, NEGE. Бақытжан Базарбек Instagram желісіндегі парақшасында Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы палатасында түсірілген Нұржігіт пен дәрігерлердің суретін жариялап, ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.
«Бұл – еліміздің мыңдаған адамы асыға күткен сурет. Суретте – өз білімі, ерекше кәсібилігі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Бақытжан Базарбек жол апатында Нұржігіттің аяғы сынғанын, сол бағытта ем-шаралар жалғасатынын атап өткен.
«Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғамды, халықтың дұғасын Жаратушым Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан, алда әлі оны реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз», – дейді экс-депутат.
Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жолда адамды қағып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Полиция мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданында Toyota жүргізушісі жол жиегінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.
Көп ұзамай Базарбек желіде жазба жариялап, Жамбыл облысы аумағында болған жол-көлік апаты бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.