Деректер транзитінен – 300 млн АҚШ доллар табыс
Қазақстан Каспий теңізінің табанымен өтетін талшықты-оптикалық желі арқылы пайда табуды көздеп отыр. Қытайдан Еуропаға тасымалданатын деректер транзитінен 10 жылда 300 млн АҚШ доллары ел бюджетіне түседі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Алматы. NEGE. «Бұл байланыс желісі Қазақстан мен Әзірбайжанды жалғап жатыр. Ауқымдырақ қарастырсақ, бұл біздің ел арқылы Қытайдан Еуропаға трафик транзитін қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстанға неліктен тиімді? Деректер транзитінен түскен табыс 300 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Мұны сапалы жол салумен салыстыруға болады. Онымен жүк ағымы артып, бюджетке қаражат түседі, жол бойы қызметі дамиды, тағысын тағылар», – деді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
Жобаны қазақстандық-әзірбайжандық мекеме іске асырмақ. Оған 60 млн доллар шамасында инвестиция тартылып, 150 жұмыс орны ашылады.