23 декабря 2025 г. 17:43

Депутаттың сынынан соң Tiger Films фильм түсіруді тоқтататынын мәлімдеді

Фото: freepik.com

Продюсер Алмат Шадмат желіде видеоүндеу жариялап, Tiger Films компаниясы кино өндірісі саласындағы қызметін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасады.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, компания өкілдерінің мұндай шешім қабылдауына депутаттардың мәлімдемелерінен кейін компанияға имидждік және репутациялық зиян келуі және продюсерлік орталық фильмдерінің Оскар сыйлығына жіберілмеуіне қатысты туындаған жанжал себеп болған.

«Осы сәттен бастап Tiger Films кино түсіру жұмыстарын толығымен тоқтатады. Бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ, жағдайды жан-жақты сараптаудың нәтижесі. Қазіргі киноиндустрия тұрақсыз, болжап болмайтын үлкен қаржылық және репутациялық қауіптері бар сала екенін тәжірбие жүзінде көрдік. Қалыптасқан жағдайда киноөндірісті жалғастыруды экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тиімсіз деп санаймыз. Сондықтан компания қызметінің бағытын өзгертеміз.

Бұл шешімге әсер еткен негізгі факторлардың бірі – біздің фильміміздің Оскар сыйлығына жіберілмеуі үшін туындаған жанжал. Сонымен қатар жекелеген депутаттардың мәлімдемелері нәтижесінде Tiger Films брендіне айтарлықтай имидждік және репутациялық зиян келтірілді. Бүгінгі жағдайда бізге кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі деген сенім жоқ. Егер компанияның қызметі ашық түрде айыпталса, ал кәсіби еңбегімізге күмән келтірілсе, онда бұл бағытта жұмыс істеуді жалғастырудың мәні жоқ деп есептейміз», – деді ол.

Оның айтуынша, Tiger Films бұдан былай кинотехниканы жалға беру саласына көшеді.

Сондай-ақ жоспарлаған түсірілім процестерінің барлығы аяқталғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда бірқатар картина постпродакшн кезеңінде. Олар толығымен аяқталады. Алайда келесі кезеңде киноөндіріс бағыты толығымен жабылады», – деп мәлімдеді  Алмат Шадмат.

Айта кетейік, бұған дейін Tiger Films продюссерлік орталығы 11 желтоқсанда шыққан «Руың кім?» комедиясының 18 желтоқсаннан кейін барлық кинотеатрда көрсетілмейтінін хабарлаған. Продюсерлік орталық өкілдері ол кезде картинаның прокаттан алынуына «белгілі бір себептер» негіз болғанын айтқан.

Депутат Ерлан Сайыров бір аптадан кейін прокаттан алынған бұл фильмді қатаң сынға алды. Сайыров фильм жанры комедия болғанымен, оның мазмұны мен берер ойы күмән тудыратынын алға тартты.