17 Желтоқсан 11:56
...

Сайыров бір аптадан кейін прокаттан алынған «Руың кім?» фильмін қатаң сынға алды

руың кім
Фото: «Руың кім» комедиясының постері

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қоғамда рушылдық пен жікшілдікке бейім үрдістердің күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары кейбір контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы насихаттап, оны маркетинг құралына айналдырып жүр. Рулық атаулар жазылған киімдер мен түрлі бұйымдардың сатылымға шығарылуы, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контенттің көбеюі – ұлт бірлігін іштен ірітетін қауіпті құбылыс.

Ерлан Сайыров бұл үрдістің кино саласына да әсер еткенін атап өтті. Жуырда прокатқа шыққан «Руың кім?» фильміне қатысты депутат фильм жанры комедия болғанымен, оның мазмұны мен берер ойы күмән тудыратынын айтты. 

«Кино авторларының не айтпақ болғаны түсініксіз. Тіпті фильмді жарнамалау мақсатында жасалған арнайы экспозицияда Қазақстан картасының үш жүзге бөлініп көрсетілуі – барып тұрған жауапсыздық. Сонда біртұтас мемлекет идеясы қайда қалды? Мұндай жобалардың басты мақсаты – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты даурыға көтеріп, әлеуметтік желі мен кино арқылы көрермен жинау. Алайда бұл әрекеттердің соңы жақсылыққа апармайды. Әрине, шығармашылық еркіндік қажет, бірақ ол ұлттық бірлікті бұзуға, мемлекеттіліктің негізіне сызат түсіруге дейін жетпеуі тиіс», – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутат бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан отандық фильмдердің мазмұнын прокатқа дейін қарайтын тұрақты көркемдік комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ ұлттық кодты желеу етіп, қоғамды бөлшектейтін, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын арандатушылық материалдарға тыйым салу қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Ерлан Сайыров мәдениет саласы мен әлеуметтік желілерде Қазақстан халқының бірлігін, «Біз – қазақпыз» деген ортақ ұлттық идеяны дәріптейтін мазмұнды көбейтуге шақырды.

Бұған дейін Tiger Films продюссерлік орталығы 11 желтоқсанда шыққан «Руың кім?» комедиясының 18 желтоқсаннан кейін барлық кинотеатрларда көрсетілмейтінін хабарлаған болатын.

Продюсерлік орталықтың мәліметінше, картинаның прокаттан алынуына «белгілі бір себептер» негіз болған. Компания көрермендерге қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.

Ал фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдаған актер Қайрат Әділгерей туындының рулық араздықты қоздыруы мүмкін деген пікірлерге қатысты өз ойын білдірді. Оның айтуынша, фильмнің негізгі мақсаты – руға бөлінбей, бірлікке шақыру. Актер картинаны толық көрмей тұрып, оның мазмұны туралы қорытынды жасау дұрыс емес екенін атап өтті.