Депутаттар портреті. Еділ Жаңбыршин. «Абориген»
Абориген – ел шошитындай аса жаман сөз емес, негізі. Бұл термин «белгілі бір аумақта ежелден өмір сүріп келе жатқан байырғы халық» деген мағына береді. Демек «Қазақстандағы абориген кім?» десе, әрқайсымыз «мен» деп кеуде қағуымызға әбден болады. Бірақ Еділ Жаңбыршиннің бәрімізді бес орап кететін бірер ерекшелігі бар. Алдымен Мәжілістің саяси сөздік қорына «абориген» деген әдемі сөзді қосқан – осы кісі. Екіншіден, Жаңбыршин байырғы халықтың ғана емес, бұрынғы биліктің де өкілі. Түсініп тұрсыз ба, қай тараптан қарасаңыз да, нағыз «абориген адам» – әзірге бізде жалғыз.
Аборигеннің әңгімесі
Оқырманға түсінікті болу үшін бірден осыдан бастайық. Депутат Еділ Жаңбыршиннің нөсерлетіп сөйлейтінін білетін шығарсыз. Бірақ не айтып тұрғанын өзі ұқпай қалатын қайсыбір депутаттардай емес, бұл кісі айтпағын дәл жеткізеді. Тіпті кейбір төгіліп түскен тіркестерін мақал ретінде де пайдалануға болатындай. Мәселен «Ренжу – әлсіз адамның ісі. Әлсіз адам ғана ренжиді» деген пікірі қандай шынайы шыққан десеңізші! Осыған қарап, неліктен кейіпкеріміздің өзгелермен салыстырғанда, көңілдірек жүретінін түйсінуге болатын сияқты.
Дегенмен ашуын үнемі ақылға жеңдіретін Жаңбыршиннің «соққан желдей, аққан селдей» төпелетіп тұрып бір «құйғаны» бар. Өткен жылы Мәжілістің көлік пен жол мәселесі талқыланған отырысында депутат «Эйр Астана» басшысы Питер Фостердің екі көзін бақырайтып қойып, «ұрсып-ұрсып» тастаған. Былай қарасаңыз, кейіпкеріміздің пікірінде мін жоқ. Өйткені, өзі айтпақшы, «аспанның құдайы болып алған Эйр Астананың» қылмағаны қалмады. Мемлекеттік тілді менсінбейтіні өз алдына, билеттің бағасын аспандатып, жолаушының ақысын жеді. Оны айтасыз, 12 сағат кешігіп ұшқаны үшін басқа емес, дәл осы депутаттың өтемақысын бермей қойған ғой. Мәжілісменді әуежайда қаңтарып қойып, соқыр тиын төлемеген компания өзге елдің құқығын артына қыстыра ма? Еділ Жаңбыршин екілене сөйлеп жатқанда, Питер Фостердің езуі жайылып, күліп отырғаны да сондықтан болса керек. Бұл енді ең сабырлы деген депутаттың өзінің «өтін жарып» жіберді.
«Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізге күліп менсінбей. Бұл – Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар», – деді ол.
Питер Фостер де жер тауысқан бәле сияқты, «айтсаң, айта бер, сендер айтқаннан басқа не білесіңдер» дегендей, сойған түлкі секілді жылмиған күйі, міз бақпай отырып алды. Бір есептен мұнысы да дұрыс болды ма дейміз. Егер «Сендер африкалық абориген емегенде, енді кімсіңдер?» десе, не бетімізді айтар едік, мысалы.
Енді мынаған қараңыз: – Бір жыл бұрын Назарбаевты мақтап пост жаздыңыз, енді айыптап, туысқандарына кінә артып отырсыз. Енді үшінші президент келген кезде Тоқаевтың Қаңтарда жасаған әрекетін сынап, пост жазып, сатып кетпейсіз бе?
– Жоқ, ондай жоқ. Тоқаев халыққа қарсы оқ атқан жоқ. Тағы да айтам мен, сіздер оны бұрмаламаңыздар. Егер Тоқаев бейбіт халыққа оқ ататын болса, бірінші Маңғыстаудан бастауы керек. Себебі ең бірінші қаңтарда болған оқиғада көтеріліске шыққан – Маңғыстау халқы, Өзен халқы, Ақтау халқы. Одан кейін біздің анау аудандардың халқы шықты...
Бұл – батыл журналист пен тапқыр депутаттың жауаптасуынан үзінді. Дегенмен осы тұстан «құдайтануға» қатысты жіптің бір ұшын ұстағандай болдық. Депутатқа салсаңыз, Тоқаев оқ атса, бірінші Маңғыстаудан бастауы керек екен. Ал неге Маңғыстаудан? Маңғыстау жұрты – адамның қоры ма, әлде бұл да құдайдың қалауы ма? Маңғыстауға құдайдың қаһары түссе, Маңғыстауда туған Жаңбыршин неге Мәжілісте жүр? Әлде президентті айыпты санау үшін тек Маңғыстауда ғана оқ атылуы керек пе? Демек мәселе басқада.
Білесіздер, Жаңаөзен қырғынында маңғыстаулықтарға автоматтан оқ атылған. Бірақ ол көктегі құдайдың емес, жердегі «құдайдың» қалауымен атылды. Демек Жаңбыршиннің құдай-құдай деп әлдеқандай қылып жүргені – көктегі Жаратушы емес, ет пен сүйектен жаралған екі аяқты пенде болуы бек мүмкін. Ал пенде мінсіз болмайды. Оны барында «құдайдың қалауымен» бағалап, кеткен соң екінші пендеге шаң жуытпау – Жаңбыршиндік құдайтанудың хиқметі сияқты. Демек жоғарыда қойылған журналистің сауалы әлі де өміршең деген сөз.
Түйін: Жаңбыршиннің «демігіп тұратын» депутаттық сауалдары мен бір-біріне қайшы кеп қалатын пікірлерін қаузай берсек, алысқа кетіп қалғалы тұрмыз. Сондықтан оқырманның да алтын уақытына құрметпен қарап, осы жерден ой тұжырайық.
Білесіз, кейіпкеріміздің аборигенге қатысты айтқаны әлеуметтік желіні «ары-бері сілкілегенде», сөз иесіне сын айтқандар көп болған. Олардың бірқатары «депутат кәсіби біліксіздігін көрсетті» десе, енді біреулері «африкалық аборигендерді кемсітті» деді. Ал Жаңбыршиннің өзі не деді? «Мен айтқан сөзіме өкінбеймін» деді. Мәселе осында ғой, егер өкінген болса, біз бас тақырыпты «Абориген» емес, «Құдайтанушы» қоюымыз бек мүмкін еді. Осы мәселе редакциялық талқыға түскенде, мынадай қорытынды жасалды: Құдайтанушы – автордікі, абориген – өзінікі. Демек әркімдікі – өзіне!
Сансызбай Нұрбаба.