Депутаттар портреті. Асхат Аймағамбетов. Реформатор

NEGE редакциясы депутаттар портретін жасауды жалғастырады. Біздің шолуымыздың кезекті кейіпкері – депутат Асхат Аймағамбетов.

ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Асхат Аймағамбетовтің саяси жолы қоғамның көз алдында қалыптасып, жалғасып келеді. Қарағандының ең жас депутаты ретінде танылған саясаткерді бүгінде кейбіреулер Құрылтайдың болашақ спикері болуы мүмкін деп болжайды. Алайда біз сөйлескен саясаттанушылардың айтуынша, оның бойынан мұндай айқын амбиция байқалмайды. 

«Выскочка»

Асхат Аймағамбетов небәрі 21 жасында Қарағанды қалалық мәслихатына сайланып, сол шақырылымдағы ең жас депутат атанды. Жас депутаттар әртүрлі болады. Мысалы, Мәжілістің ең жас депутаты Мәди Ахметов ел арасында тек Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы ұсынысымен танымал, ал парламентте оның елдің қамы үшін, жастардың болашағы үшін не істеп, не істемегенін қалың жұрт біле бермейді. Себебі депутат ретіндегі қызметі тым-тырыс өткен. 

Ал Аймағамбетов қалалық мәслихатқа сайланғаннан кейін тыныш отырмай, Қарағанды деңгейіндегі мәселелерді көтеріп жүрді. Оның ішінде жер беру, қоқыстың жөнді шығарылмауы, паспорт бөлімдеріндегі қарбалас мәселелері бар. Ол шенеуніктердің депутаттар мен олардың сайлаушыларына құрметпен қарауы үшін де белсенді түрде күресті. Тіпті өзінің депутаттық сауалдарына жауап ала алмаған соң Қазыбек би аудандық прокуратурасы мен әділет басқармасын сотқа берген. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдар депутаттардың сауалдарына салғырт қарауды азайтты деуге болады.

dknews.kz

Халық арасындағы беделі артқанымен, оны сыртынан «жоқ жерден дау шығаратын скандалист» деп атай бастады. Бұл пікірмен Аймағамбетов келіспей, «Новый вестник» газетіне берген сұхбатында былай деген:

«Газеттен мені әр сессияда әкімді ашық сынайтын “выскочка” деп атағанын көрдім. Мақала авторы мені қалада өскендіктен, үлкенді сыйлауды білмейді деп қорытынды жасапты. Кешіріңіз, бірақ мұның қандай қатысы бар? Мен депутатпын, жасым маңызды емес», – деген ол.

Алайда бір кезеңде (мәслихатта жүрген кезі) Аймағамбетов депутаттық қызметтен көңілі қалғанын да айтқан:

«Көңіл толмаушылық жоғалып кетпейді, керісінше күшейе береді. Депутаттыққа түскенде оның қандай жұмыс екенін толық түсінбеген шығармын. Мен бұл қызметті әлдеқайда идеалистік тұрғыда елестеттім. Ал қазір шындығын көріп отырмын: кейде дәрменсіздіктен қолың дірілдейді, тіпті біреуді ұрып жібергің келетін сәттер болады… Сессия кезінде... Сен бір нәрсені айтасың, ал олар еш қысылмай мүлде басқа нәрсені айтады», – деген еді ол. 

Министр ретіндегі 4 жыл 

Асхат Аймағамбетов – мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі және заңгер. Ол өзі білім алған Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде саясаттану және әлеуметтану кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент болып қызмет атқарған. Кейін Нұра ауданында әкімнің орынбасары, Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы, білім және ғылым вице-министрі, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

primeminister.kz

2019 жылдан 2023 жылға дейін білім және ғылым министрі болды. Өзі де мұғалім болғандықтан, Аймағамбетов ұстаздардың жағдайын жақсы түсіне білді. Ол министр болып тұрған кезде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, оларды газет-журналдарға жазылу, көше сыпыру, керек емес есеп беру сияқты кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға мәжбүрлеп тартуға заң бойынша тыйым салынды. 

«Біз педагог толтыратын құжаттардың санын азайттық. Күн сайынғы мұғалімнің есебі 2 құжатқа дейін қысқартылды. Педагогтарды өзінің міндетіне кірмейтін жұмыстардан босаттық, әр өңірде педагогикалық этика бойынша кеңестер құрылды», – деп атап өтті Аймағамбетов.

Ұстаздардың айлықтары да өсті. Аймағамбетовің айтуынша, 2018-2019 жылдары мұғалімдердің орташа жалақысы небәрі 109 мың теңге болса, қазір ол екі, тіпті үш есеге өсті. 

Асхат Аймағамбетов қабылдаған ең маңызды өзгерістердің бірі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты еді. Ол ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грантқа түсіп кетуге жағдай жасады. Оның үстіне тест электронды форматқа ауыстырылды. 

«Бұл эмоционалдық қысым мен жүктемені төмендетуге көмектеседі», – деді ол.

Асхат Аймағамбетовтің министр ретінде өткізген реформаларына директорлардың ротациясын да жатқызуға болады. Енді оқу орнын бір адам 7 жылдан артық басқара алмайды. 

Жалпы, ол басшылыққа келген кезде салада жылдар бойы қордаланған мәселелер жеткілікті еді. Аймағамбетов бұл бағытта «жұмсақ реформалардан» бас тартып, сапасыз білім беретін оқу орындарын қысқартуға кірісті. Яғни дипломды саудаға айналдырған оқу орындарының лицензияларын қайтарып алды. Нәтижесінде білім беру талаптарына сай келмеген 15 жоғары оқу орны толық жабылды. Сонымен қатар 65 университеттің 500-ден астам лицензиясы кері қайтарылды. Бұл формалды түрде жұмыс істеп, бірақ нақты білім бере алмаған бағыттарды қысқартуға бағытталған қадам болды. Орта буын деңгейінде де өзгерістер жүргізіліп, 30 колледж жабылды, ал талапқа сай келмеген 2000-ға жуық лицензияның күші жойылды.

Мәжілістегі мансап 

2023 жылы Асхат Аймағамбетов AMANAT партиясының тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланды. Шыны керек, Парламенттегі 146 депутаттың ішінде халыққа кеңінен танылғандарының бірі – осы Аймағамбетов. Депутат ретінде ол білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеруді жалғастырып келеді.

@aimagambetov/Instagram

Мәселен, ол мектептен тыс жерде болған оқыс жағдайлар үшін мұғалім жауап бермеуі тиіс екенін, ұстаздың негізгі міндеті – балаға білім беру екенін бірнеше рет атап өтті.

«Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды – бұл тек өз еркімен болуы керек. Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауапты емес. Ол күзетші де, детектив те емес. Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты міндеті – оқыту», – деді депутат.

Аймағамбетов Мәжіліс мінберінде білім саласымен қатар денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді де жиі көтеріп жүр. Әсіресе қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың жағдайына ерекше назар аударады. Оның айтуынша, науқастар емнің жоқтығынан емес, медициналық технологиялардың ескіргенінен көз жұмуда. Мысалы, елімізде молекулалық-генетикалық зертханалар небәрі алты өңірде ғана бар, ал референстік онкогематологиялық зертханалар мүлде жоқ. Соның салдарынан науқастардың талдаулары шетелге жіберіледі.

Кейбір қатерлі ісік түрлерінің алдын алуға уақытылы вакцина алу көмектеседі. Мәселен, Қазақстанда 9-14 жас аралығындағы қыздарға папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы вакцина тегін салынады. Алайда кей ата-аналар оның қауіпсіздігіне күмәнданып, екпеден бас тартып жатады. Ал бұл вирус кең таралған және жатыр мойны обырына әкелуі мүмкін. ВПЧ вакцинасының қауіпсіз екенін көрсету үшін Асхат Аймағамбетов оны өзіне салдыру туралы шешім қабылдаған.

Жалпы, Аймағамбетов – қоғамда беделі бар депутат. Дегенмен оның барлық бастамалары бірдей қолдау тапқан жоқ. 2024 жылы ол әріптесі Жанарбек Әшімжанмен бірге «Масс-медиа туралы» заңға БАҚ-та ЛГБТ тақырыбын шектеуге бағытталған түзетулерді ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ЛГБТ насихатына тыйым салуды сұрады. Бұл бастаманы сөз бостандығына шектеу деп санайтындар да бар.

Қазір оқып жатыр

Наурыз ҰБТ-сы тапсырмаларынан 17 қате анықталған

ШҚО-да сот ұсталған депутаттың компаниясын тас жолды қайта жөндеуге міндеттеді

Қостанайда субсидияға бөлінген 3 млрд теңге жымқырылған: қылмыстық топқа үкім шықты

Bloomberg: Қазақстанда қаржы компанияларынан тек Aitu-ды қолдану талап етілуде