Депутат туысының бизнесіне қатысты заңға дауыс бере ала ма?

Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте депутаттар мүдделер қақтығысы, дауыс беру нәтижелерінің ашықтығы және депутаттық этика мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

NEGE

Астана, NEGE. Бұған дейін жариялаған талдауымызда Құрылтайға бизнес секторынан келген тұлғалардың көп екенін айтқан едік. Осыған байланысты тілшіміз депутаттың туысына немесе бұрынғы бизнесіне тікелей пайда әкелетін заң жобасы қаралса, ол дауыс беруден шеттетіле ме деген сауал қойды.

Құрылтай депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, мұндай жағдайлар қазіргі регламентте нақты жазылмаған. Алайда депутаттардың өздері мүдделер қақтығысына жол бермеуі керек.

«Бұл мәселе нақты Регламентте көрсетілмеген. Әрине, депутаттар мұндай жағдайларға жол бермейді. Себебі әрбір ұсыныста кімнің мүддесі қорғалып отырғаны бірден көрінеді. Сондықтан мұндай мәселелер жұмыс барысында анықталады және жұмыс барысында бұған жол берілмейді», – деді Снежанна Имашева.

Брифингте неліктен депутаттардың әр заң жобасы бойынша берген дауысы аты-жөнімен ашық көрсетілмейтінін де сұрадық. Имашеваның айтуынша, Құрылтай регламентінде ашық және жасырын дауыс беру қарастырылған. Ал отырыстың өзіндегі депутаттың дауысы ашық дауыс беру болып есептеледі.

«Регламентте депутаттардың ашық және жасырын түрде дауыс беретіні айтылған. Отырыста дауыс берген кезде бұл ашық дауыс деп саналады. Алдағы уақытта техникалық жүйеміздің мүмкіндігіне қарай бұл мәселе шешілуі мүмкін», – деді депутат.

Ал Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ дауыс беру цифрлық жүйе арқылы жүргізілетіндіктен, экранда ашық көрсетілмесе де депутаттың аты-жөні белгілі екенін атап өтті.

«Сіздер көріп отырған экранда 145 депутаттың аты-жөнін түгел көрсете алмаймыз: қанша адам қарсы, қанша адам қолдады деген ақпарат қана беріледі. Регламентте депутат тек өзі дауыс береді деген норма бар. Оның атынан ешкім дауыс бере алмайды», – деді Үнзила Шапақ.

Ол депутаттың өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар екенін де айтты.

«Депутаттың пікіріне шектеу қоюға болмайды. Депутаттық мандат алу арқылы өзінің пікірін еркін білдіруге құқығы бар. Сондықтан “Сіз неге қарсы болдыңыз?”, “Неге қалыс қалдыңыз?” деген сияқты сұрақтар бойынша депутаттың позициясына қысым жасалмауы керек», – деді депутат.

Брифинг барысында депутаттық этика талаптарының бұзылуы мәселесі де көтерілді.

«Депутаттық этикаға қатысты заңнамада депутаттарға қолданылатын бірнеше тәртіптік шара қарастырылған. Біріншісі – жария түрде кешірім сұрау. Екіншісі – Құрылтайдың бір отырысында сөз сөйлеуге тыйым салу. Бұдан әрі үш отырыс бойы сөз беруге шектеу қою сияқты шаралар қарастырылуы мүмкін», – деді вице-спикер Дания Еспаева.

Сонымен қатар депутатты отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру сияқты шаралар да бар.

Еспаеваның айтуынша, этика жөніндегі кеңестің міндеті тек заңбұзушылықтарды қараумен шектелмейді. Кеңес депутаттарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Оған қоса депутатқа қатысты шағым түскен жағдайда, алдымен оның позициясы тыңдалып, түсініктеме беруіне мүмкіндік беріледі. Содан кейін ғана тиісті шара қолдану мәселесі қаралмақ.