Астана, NEGE. Тілшіміз Құрылтайға кімдер келгеніне және олардың бұған дейін немен айналысқанына шолу жасады.
Құрылтайға қайта келген экс-депутаттар
Жаңа саяси институт құрылғанымен, оның құрамында парламенттік тәжірибесі бар саясаткерлер аз емес. Мұны ең ірі фракция – «Әділеттің» құрамынан анық көруге болады. Партияның мәліметінше, оның 110 депутатының 20-сы – бұрынғы Мәжіліс депутаты, төртеуі – экс-сенатор.
Олардың арасында Асхат Аймағамбетов, Марат Башимов, Жанарбек Әшімжанов, Юлия Кучинская, Сергей Пономарев, Максим Рожин, Татьяна Савельева, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Үнзила Шапақ пен Никита Шаталов бар. Сенатта жұмыс істеген Нұрлан Бекназаров, Евгений Больгерт, Ольга Перепечина және Марат Қожаев та жаңа Құрылтайдан орын алды.
Бұрынғы депутаттар басқа партияларда да бар. Respublica-дан Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова мен Нұргүл Тау бұрын Мәжілісте отырған. ЖСДП-дан Асхат Рахымжанов, Наурыз Сайлаубай мен Ажар Сағандықова, «Ақ жолдан» Дания Еспаева мен Олжас Нұралдиновтың парламенттік тәжірибесі бар.
Демек, Құрылтай жаңа орган болғанымен, оның депутаттарының бір бөлігі үшін парламенттік жұмыс жаңа емес.
Мәслихаттан – Құрылтайға
Жаңа құрамдағы тағы бір үлкен топ – өңірлік саясаттан келгендер. «Әділеттің» өзінде мәслихаттардың 26 депутаты Құрылтай мандатын алды. Олардың арасында Аят Сүгірбай, Русана Сулаймонова, Дәурен Маралов бар. Бахадыр Нарымбетов Шымкент мәслихатын, Шалқар Байбеков Абай облысының мәслихатын басқарған.
Тізімде Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасы Мадияр Әмірғалиев, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин мен оның төрағасы Мұса Хайруллиев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары Тұрарбек Тілемісов пен Мұратбек Мұхамбедиев те бар. Осыған қарап, мәслихат жаңа парламентке өтудің негізгі саяси жолдарының біріне айналғанын байқауға болады.
Әкімдік пен мемлекеттік аппараттан келгендер де көп
Құрылтайға жергілікті атқарушы билікте жұмыс істеген азаматтар да өтті. Ләззат Жылқыбаева – Алматыдағы Жетісу ауданының әкімі, Бота Елеусізова – Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының әкімі. Берік Беркімбаев Шымкент әкімінің, Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысы әкімінің, Аббат Үрісбаев Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Орталық мемлекеттік аппараттан келгендердің қатарында да жоғары лауазымды қызмет атқарғандар бар. «Әділет» төрағасы Айбек Дәдебаев бұрын Президент Әкімшілігін басқарды. Дархан Ахмедиев – бұрынғы қорғаныс вице-министрі, Сұңғат Есімханов – бұрынғы энергетика вице-министрі. Шолпан Каринова бірінші оқу-ағарту вице-министрі, Марат Қожаев ішкі істер бірінші вице-министрі қызметін атқарған.
«Әділет» құрамында бұған дейін Ұлттық құрылтайға мүше болған 13 адам да бар. Бұған қоса, Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрт мүшесі және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бес мүшесі депутат атанды. Яғни жаңа фракцияның елеулі бөлігі саясатқа енді келген адамдар емес, бұған дейін мемлекеттік немесе қоғамдық институттарда тәжірибе жинаған кадрлар.
Кәсіпкерлер мен топ-менеджерлер
Құрылтай құрамындағы тағы бір байқалатын құрам – кәсіпкерлер мен корпоративтік сектор өкілдері. Мәселен, Константин Авершин – Алматыдағы Red Dragon желісінің негізін қалаушы. Вадим Басин QARMET компаниясын басқарады. Нұржан Ниязалиев – Pana Asia тең құрылтайшысы және бақылау кеңесінің төрағасы, Мағжан Ералиев – кәсіпкер.
Құрамда ірі компаниялардың топ-менеджерлері де бар. Серік Қожаниязов – «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» вице-президенті, Станислав Щербаков Sharcem инвестициялық жобаларын басқарады, Бауыржан Жамалов – AZALA Group пен «Жалтырбұлақ» директорлар кеңесінің төрағасы. Алмат Жүкебаев – GR Kenes директоры, Алмат Әбдікешов – «Қазақмыс Барлау» атқарушы директоры.
Respublica құрамында да бизнес тәжірибесі бар адамдар көп. Мәселен, Айдарбек Қожаназаров «ОлжаАгроны» басқарған, Махамбет Хасенов – «Нефтебаза Альмерек» бас директоры, Руслан Идрисов – Global Foods негізін қалаушы. «Ауылдан» Aitas-KZ вице-президенті Рәбиға Тоқсейітова, «Ақ жолдан» «ТексолТранс» өкілі Бақтыбек Бибаев депутат болды.
Сондықтан кәсіпкерлермен бірге ірі компаниялардың басшылары мен топ-менеджерлерін есепке алсақ, бизнес пен корпоративтік сектор Құрылтайдағы көзге түсетін кәсіби топтардың біріне айналып отыр деуге әбден болады.
Құрылтайға 11 журналист және медиа өкілі барды
Жаңа Парламентте БАҚ саласының өкілдері де жеке топ құрайды. Құрылтайға журналистикада немесе медиа саласында еңбек еткен 11 әріптесіміз өтті.
Олар – Дихан Қамзабекұлы, Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Армангүл Тоқтамұрат, Ирина Тен, Жарқынбек Амантайұлы, Ләззат Қожахмет, Қарлығаш Жаманқұлова, Ерлан Тоқшылық және Мақсұт Нәсібұлов. Кейбірі бүгінде басқа салаларда қызмет атқарғанымен, кәсіби жолы БАҚ-пен тікелей байланысты. Мысалы, Дихан Қамзабекұлы «Қазақ газеттерін» басқарады, Ерлан Тоқшылық – МТРК директоры. Ирина Тен мен Армангүл Тоқтамұрат – тележурналистер. Бір қызығы, 11 медиа өкілінің 10-ы «Әділет» партиясынан, біреуі – ЖСДП-дан.
Бұлардан бөлек, бұл тізімге кезінде Informburo сайтының шеф-редакторы болған Никита Шаталов пен ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарған Александр Даниловты да қосуға болады. Оларды журналист емес, медиа саласының сарапшылары ретінде қарастырған жөн.
Спортшылар санаулы
Ал кәсіби спорттан келген депутаттар әлдеқайда аз. Тізімде параспортшы Айсұлу Сүлейменова мен грек-рим күресінің өкілі Нұрбақыт Теңізбаев бар. Сонымен бірге «Дала Қырандары» ұлттық спортты қолдау қорының директоры Мәди Рымжанов Құрылтайға өтті, алайда оны кәсіби спортшы емес, спорт саласының өкілі ретінде қарастырған дұрыс. Яғни депутаттардың кәсіби бэкграундына қарағанда, бизнес, мемлекеттік басқару мен саясаттан келгендер спорт өкілдерінен әлдеқайда басым.
Ректорлар, дәрігерлер, экологтар мен IT мамандары
Білім және ғылым саласы да Құрылтайда ұсынылған. Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды техникалық университетінің проректоры Айжан Темірбаева, Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базенов, профессор Алмас Мұхаметов депутат болды.
Медицина саласынан Астанадағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың директоры Жұлдыз Данбаева мен Талдықорған қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Арман Джансенгиров бар. «Әділет» ұсынған 110 депутаттың арасында бұдан бөлек үш эколог, төрт IT маманы және волонтерлік қозғалыстың екі өкілі бар.
Құрылтай қаншалық жаңа?
Құрылтай құрамына қарасақ, қызық бір баланс байқалады. Бір жағында Мәжіліс пен Сенаттан келген тәжірибелі саясаткерлер, мәслихат депутаттары, әкімдер мен мемлекеттік аппаратта қызмет еткендер бар. Екінші жағында кәсіпкерлер, компания басшылары, журналистер, ғалымдар, дәрігерлер, экологтар, IT мамандары мен спортшылар отыр.
Сондықтан жаңа Құрылтайды саясатқа мүлдем жаңа адамдар тобы деу қиын. Көріп отырғанымыздай, парламенттің құрылымы жаңарғанымен, кадрлық сабақтастық сақталған.