Депутат Алматыда Hilton қонақ үйін күштеп тартып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеді
Мәжіліс отырысында Ермұрат Бапи Алматыдағы Hilton қонақ үйі бүгін, 21 мамырда меншік иесінен заңсыз тартып алып жатқанын айтты. Осы жағдайдың мән-жайын тексеру үшін бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Астана, NEGE. Айтуынша, мәселе өте шұғыл болғандықтан, депуттаттық сауалды жиын үстінде жазуына тура келген.
«Мәжілістің пленарлық отырысы өтіп жатқан кезде, Алматы қалалық әділет басқармасының шешімімен Hilton қонақ үйін меншік иесінен тартып алу, қызметкерлерін шығару, ғимаратты күштеп босату әрекеттері жүріп жатыр. Бұл қонақ үйде 250 адам жұмыс істейді. Осы әрекеттердің бәрі қонақ үй толған шетелдік қонақтардың көз алдында жүріп жатыр», – деп мәлімдеді Ермұрат Бәпи.
Депутат бұл әрекеттің артында «ескі Қазақстанның мүддесіне жасалып жатқан заңсыз, әділетсіз бассыздық әрекеттері» тұр деп есептейді.
«Бұл қонақ үй туралы осыдан 4 жыл бұрын Қайрат Сатыбалдының сақалды нөкерлері басып алғаны туралы депутаттық сауал жолдаған едім, бірақ оған тиісті мемлекеттік органдар жалтарма жауап берді. Осы екіарада Қайрат Сатыбалды мырза түрмеге отырып шықты. Дәл осы 3-4 жылдың ішінде Қайрат Сатыбалды біраз активтерін мемлекетке қайтарды. Сол қайтарылған активтердің ішінде Hilton қонақ үйі де болды. Нөкерлері әртүрлі амалдармен қонақ үйді Сатыбалдыға астыртын тиесілі компанияға рәсімдеген», – дейді ол.
Бұл жөнінде Ермұрат Бапи Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдаған, агенттік басшысы мәселені сот арқылы шешуге кеңес берген. Дегенмен мәселе сотқа жетіп үлгермеген.
«Бірақ сотқа жеткізбей міне, зорлықпен шығарып жатыр. Енді тағы да әртүрлі айла-әрекеттер арқылы қонақ үйді тартып алып, Мемлекеттік мүлік комитеті арқылы аукционға шығарып, оны тағы да Қайрат Сатыбалдыға астыртын тиесілі компанияға сату айласы іске аспақ», – деп мәлімдеді депутат.
Депутат бұл әрекеттің артында Қайрат Сатыбалдымен бірге Capital Bank Kazakhstan иесі Орифжан Шадиев пен Qazaq Banki иесі Дінмұхамед Ыдырысов тұрғанын айтады.
Бапидің мәлімдеуінше, Үкімет жанындағы активтерді қайтару комиссиясы арқылы Hilton қонақ үйі 4,5 млрд теңгеге бағаланып, мемлекеттік меншікке берілген. Ал сарапшылардың есебінде Hilton-ның нарықтық бағасы 12 млрд теңге деп көрсетілген. Қонақ үйді мұншалық арзанға бағалау себебі, депутаттың пайымдауынша, арзанға өткізіп, аукционнан қайта арзан бағаға сатып алу айласы іске асырылмақ.
«Қонақ үйді тартып алып қана қойған жоқ, оның үстіне 4,5 млрд теңгені мойнына (меншік иесінің – ред.) іліп қойып отыр. Бұл қандай әділеттілік? Бұл барып тұрған әділетсіздік деп есептеймін», – дейді Ермұрат Бапи.
Депутат Бас прокуратурадан осы жайттың егжей-тегжейін тексеріп, арнайы іс қозғап, заңдылықты қалпына келтіруді талап ететінін жеткізді.