Депутат әлеуметтік желіде балағат сөз айтқандарға ірі көлемде айыппұл салуды ұсынды
Қазақстанда әлеуметтік желіде балағат сөзді бір жыл ішінде қайталап айтқандарға қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылуда. Мұндай норма онлайн-платформалар және масс-медиаға қатысты заң жобасы аясында талқылануда.
Астана, NEGE. Бұл ретте депутат Гүлзира Атабаева судьяларға жаза түрін таңдауда көбірек мүмкіндік беруді ұсынды. Атап айтқанда, депутат қайталанған құқықбұзушылық үшін қоғамдық жұмысқа тарту мен қамауға балама ретінде ірі көлемде айыппұл салуды қарастыру қажет деп есептейді.
Депутаттың айтуынша, интернеттегі балағат сөздерге тосқауыл қою керек. Өйткені мұндай жазбаларды балалар да көреді. Дегенмен жаза құқықбұзушылықтың деңгейіне сай болуы тиіс.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев депутаттың ұсынысын қолдады. Алайда бұл мәселені Ішкі істер министрлігімен бірлесіп әлі де пысықтау қажет екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – құқықбұзушыны қалай да қамауға алу емес. Әңгіме профилактика туралы болып отыр», – деді министр.
Еске салсақ, 18 қарашадағы Құрылтай отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілік енгізуден бөлек, заңға қайшы контент таратқаны үшін онлайн-платформалардың әкімшілік жауапкершілігі заңнамада бекіту, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салу сияқты нормалар қарастырылған.