16 жасқа дейін әлеуметтік желіге кіруге шектеу қойыла ма?
Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салынады.
Астана, NEGE. Бұл норма бүгін, 18 қараша, Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қаралған.
Жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулер жөніндегі депутаттық сауалға жауап берген жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Ростислав Коняшкин бұл бағытта нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
Оның айтуынша, қазір ата-аналар телефон нөмірлерін көбіне өз атына рәсімдеп, кейін балаларына береді. Соның салдарынан байланыс операторлары нөмірді нақты кім пайдаланып жүргенін анықтай алмайды.
«Ата-ана электронды үкімет порталындағы сервис арқылы нөмірді баласына бергенін өзі көрсете алатын нұсқаны қарастырып жатырмыз. Осылайша байланыс операторлары нөмірдің бала пайдаланып жүрген құрылғыға тиесілі екенін біліп, интернет-трафикті шектей алады, тыйым салынған контентті сүзгіден өткізе алады», – деді ол.
Сондай-ақ вице-министр өкілі балалардың жасын жеке деректерін жария етпей растау тетігі де әзірленіп жатқанын айтты. Бұл жүйе бойынша әлеуметтік желілер арнайы сервиске сұрау жіберіп, пайдаланушының 16 жасқа толған-толмағанын анықтай алады.
Бұл ретт VPN арқылы интернет шектеулерін айналып өту мәселесі де ескерілгені айтылды. Осыған байланысты телефон құрылғысын баланың құрылғысы ретінде тіркеу және қоғамдық орындардағы, әсіресе мектептердегі Wi-Fi желілерінде интернет-трафикті сүзгіден өткізу жолдары пысықталуда.
«Халықаралық тәжірибені, соның ішінде Түркия, Аустралия, Қытай және басқа да елдердің тәжірибесін зерделеп жатырмыз. Тек бір ғана тетікті қолдану қажетті нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан қазір кешенді шаралар әзірлеудеміз», – деді Ростислав Коняшкин.
Министрлік өкілі аталған нормалар күшіне енгенге дейін техникалық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.