21 ноября 2025 г. 17:42

ДДСҰ Алғабастағы өрт пен фельдшердің қазасына байланысты көңіл айтты

Фото: Instagram: akmaralalnazarova

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Алғабастағы адамдар өлімі мен жедел жәрдем қызметкерінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. 

Астана, NEGE. Көңіл айту хатын ДДСҰ Еуропалық бюросының басшысы доктор Ханс Клюге жолдаған.

«Адамдарды құтқару міндетін атқару кезінде Астанада жас медицина қызметкерінің қаза болуына байланысты шынайы көңіл білдіремін. Түркістан облысының Алғабас ауылында 9 баланы қоса алғанда, үлкен отбасының қаза болуына байланысты Қазақстанға аса қайғырып көңіл айтамыз. Балалардың өрттен қаза болуы –аса ауыр қайғы, жақындарының қандай қасірет шеккенін елестету мүмкін емес», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ұйым қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Түркістан облысының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам қаза тапты.

Сонымен қатар, Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуан кәсіби қызметін атқару барысында ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде қайтыс болды.