Daryn.online платформасына жүргізілген тексеру нәтижесінде әкімшілік іс қозғалды
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Daryn.online платформасында оқушылар мен ұстаздардың дербес деректерінің таралуы жөніндегі ақпаратқа байланысты жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады.
Астана, NEGE. Ведомство өкілдері тексеру нәтижесінде 4,2 млн жазбадан тұратын дербес деректердің таралу фактісі расталмағанын хабарлады.
«"Daryn.online" ЖШС ақпараттық жүйесінде нақты сақталған дербес деректер көлемі 90 мыңнан астам жазбаны құрайды, бұл жарияланымдарда көрсетілген көлемдегі деректердің әшкереленуі мүмкін еместігін көрсетеді», – делінген ресми хабарламада.
Тексеру барысында дербес деректерді қорғау жөніндегі міндетті шараларды тиісінше орындамауға байланысты заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған.
Осыған байланысты «Daryn.online» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ретте дербес деректердің артық көлемін жинау, деректер субъектілерінің оларды өңдеуге тиісті келісімінің болмауы, дербес деректерді өңдеу жөніндегі ішкі процестердің реттелмеуі, жауапты тұлғалардың тағайындалмауы, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің ұйымдастырушылық және техникалық қорғалу деңгейінің жеткіліксіздігі сияқты бұзушылықтар анықталған.
Еске салсақ, бұған дейін киберқауіптерді талдайтын ThreatMon платформасының мамандары даркнетте Daryn.online дерекқоры бұзылып, оқушылар мен ұстаздардың жеке деректері тарап кеткені туралы хабарлама пайда болғанын жазған еді.