Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды – адвокат

Тергеу органы ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты телефон эпизоды бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатты.

facebook.com/daniyar.meirkhan

Астана, NEGE. Данияр Мейірханның қорғаушысы Әлия Жаманбаева бұл мәселеге нүкте қойылғанын мәлімдеді. Оның нақтылауынша, бұл оқиға 2024 жылы болған. Бұрынғы бағыныштыларының бірі басшысына телефонды бөліп төлеуге рәсімдеп бергенін мәлімдеген. Кейінірек телефонды сатып алу шығынын Данияр Мейірханның өзі төлегені анықталған.

«Сол кезде Данияр оған маңызды тапсырма берген – ІТ-мамандар тобымен бірге спутник арқылы барлық зертханадағы химиялық шығарындыларды бақылап, елдегі синтетикалық есірткі өндірісін тоқтатуға бағытталған жұмысты жүргізу. Алайда бұл жоспардың іске асуын қаламаған адамдар болған сияқты. Содан кейін оқиғалар жұртшылыққа мәлім бағытта өрбіді», – деп жазды Әлия Жаманбаева Facebook желісінде.

Тергеу органы қабылдаған шешім арызда көрсетілген айыптаулардың негізсіз болғанын растаған.

«Бізді, әрине, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің бірнеше рет ақпарат құралдарының қолына қалай түскені таңғалдырады. Олар қоғамда теріс пікір қалыптастырып, полиция полковнигінің іскерлік беделіне нұқсан келтірген пікірлердің жазылуына түрткі болды. Тергеу органы ІІМ қызметкерлері мен блогерлердің мұндай әрекеттеріне де құқықтық баға береді деп үміттенемін», – дейді адвокат.

Еске салсақ, бұған дейін полиция полковнигі Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Кейін Ішкі істер министрлігі Данияр Мейірханның тексеріс жүргізу кезеңінде қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілгенін мәлімдеді. 

Артынша адвокат Әлия Жаманбаева Данияр Мейірханға тағылған айыптардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, мәлімдеме жасады.