Дамир Дигай: Қазақ тілін академиялық деңгейде меңгергім келеді
NEGE тілшісі Алматы корей ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Дамир Дигайды әңгімеге тартты.
– Дамир Анатолийұлы, Алматыдағы корей ұлттық орталығының ашылу тарихына тоқталып өтсеңіз...
– Қиын-қыстау уақытта орталықтың ашылуы кәріс этносы үшін үлкен мүмкіндік болды. 1989 жылдың 21 маусымында «Алматы қалалық кәріс мәдени орталығы» ресми түрде тіркелді. Кейінірек атауы «Алматы кәріс ұлттық орталығы» болып өзгерді. А.Ю.Хегай бастаған бастамашыл топ бір жыл бұрын ғана қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты мен міндеттері жобасын жасақтады. Қабылданған жарғыға сәйкес, Алматы қаласының Корей ұлттық орталығы еріктілік және өзін-өзі басқару, халықтар арасындағы достық пен ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау қағидаттарына негізделген қоғамдық ұйым болып табылады.
Содан бері Алматы корей ұлттық орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық ҚХА-ның барлық іс-шаралары мен жобаларына белсенді түрде қатысады. Атап айтқанда, Қазақстан халықтары тілдерінің мерекесі, дөңгелек үстелдер, қала күні, Наурыз мейрамын тойлау, Қазақстан халқының бірлігі күні түрлі мәдени шаралар өткізіп, бірлік пен тұтастықты насихаттауға атсалысамыз. Ардагерлер хоры, «Киппым» би тобы, тағы басқа көркем өнерпаздар ұжымдарының мүшелері үнемі қалалық, облыстық, республикалық ұлттық мәдени фестивальдарға қатысады.
– Қазір Қазақстанда қанша кәріс тұрады? Кәрістер қазақ жеріне қалай келді?
– Корейлер Қазақ жеріне XIX ғасырдың соңында қоныстана бастады. Әсіресе, Сталин қол қойған «Қиыр Шығыс облысының шекарасы аудандарынан корей халқының көшіру туралы қаулысынан кейін 172 мың этникалық корей Орталық Азия жаңа тұрғылықты Қиыр Шығыс шекаралас аудандарда елден шығарылған. 1939 жылғы депортация салдарынан Қазақстанға 96453 корей күштеп көшірілген. Олардың көпшілігі Қызылорда облысы мен бұрынғы Талдықорған облысының Қаратал, Көксу аудандарына қоныс тепті. Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ халқы тағдырлас корей халқының жанын терең түсініп, бауырына басты. Сол уақыттан бері корейлерден бірнеше ұрпақ тарады, бүгінде олар осыншама ыстық ықылас пен аса мейірбандылық танытқан қазақ жұртының, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп жүрген, кез келген салада өзіндік үлесі бар ел азаматтар. Олардың ұрпақтары бүгінде Қазақстанды өз Отаны санайды.
1990 жылы Алматы қаласында Қазақстан корейлерінің құрылтай съезі өтті, онда корей мәдени орталықтарының Республикалық қауымдастығы құрылды. Кейіннен ол Корей мәдени орталықтарының Қауымдастығы деп өзгертілді. Қауымдастықты Юрий Андреевич Цхай басқарды. Барлық облыстарда дерлік ана тілін үйрену бойынша топтар, көркемөнерпаздар ұжымы құрылған.
Қазір Қазақстанда 99665 корей бар, оның 14097-і Қарағанды облысында. Қарағанды облысында корейлердің көп шоғыры орналасқандықтан, ол жерде Қарағанды облыстық корей мәдени орталығы ашылған. Ол 1989 жылдың қыркүйегінде құрылған. Қоғамдық ұйымның негізгі міндеті – корей мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін одан әрі дамытып, жаңғырту, қоғамның демократиялық жаңаруына диаспораның белсенділігін көтеруге көмек беру.
– Алматыда тұрақты түрде атап өтілетін «Корея мәдениетінің күндері» шарасы туралы айтып өтсеңіз...
– Корея мәдениетінің күндері жыл сайын өтетін тұрақты шараға айналды. Бұл – отбасылық мейрам. Мұнда отбасы құндылығы кеңірек насихатталады. Биыл да 19 тамызда Алматыдағы Орталық демалыс және мәдениет саябағында ұйымдастырылады. Оған бүкіл шығармашылық ұжым қатысып, өнерін көрсетеді, Алматы тұрғындарына музыкалық комедия театрының шығармашылық әртістері, корей орталығы шығармашылық ұжымдары ән мен жырдан шашу шашады. Тұрғындар кәрістің ұлттық тағамдарын жасауды үйреніп, ұлттық ойындарын ойнайды.
– Кәрістердің мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге деген ынтасы қалай?
– Кәрістер мемлекеттік тілді 100 пайыз біледі деп айта алмаймын. Бірақ қазақ тілін үйренуге ынта білдіріп, талпынып жатқандар көп. Себебі, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір кәріс ұлтының өкілі осы елдің патриоты сезінеді. Олардың ішінде қазақ тілін еркін меңгеріп, қызмет бабында мемлекеттік тілді қолданып жүргендері жетерлік. Әсіресе, жастар арасында әлеуметтік желіде қазақша контент жасап, көптің көзайымына айналғандары да бар. Тіпті, кәрістердің ішінде қазақ тілін балабақшадан бастап үйренудің методологиясын жасаған мамандарды тілге тиек етуге болады.
Демек, кәріс этносының қазақ тілді үйренуге, меңгеруге деген ықыласы анық байқалады. Өзім де қазақ тілін білемін. Әкем – кәріс, анам – қазақ. Күн сайын қазақ тілінде жаңа сөздерді, сөз тіркесін игеруге тырысамын. Болашақта қазақ тілінде тек ауызекі тілде ғана емес, академиялық деңгейде меңгеріп, сөйлегім келеді. Себебі, қазір докторлық диссертация жазып жатырмын. Демек, бізде мемлекеттік тілді білуге деген талпыныс өте жоғары.
– Қазақстан халқы ассамблеясының еліміздегі этностар үшін, соның ішінде корей этносы үшін алатын орны қандай?
– Қазақстан халық ассамблеясы теңдесі жоқ институт. Бейбітшілік пен бірліктің, келісім мен татулықтың тұғырнамасы іспеттес. Бір шаңырақтың астында қаншама ұлт ауызбірлікте өмір сүруде. Бір-бірінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтейді. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын құрмет тұтады. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп, басқа да қоғамдық ұйымдар өз жұмысын атқарып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты, татулықты нығайту ғана емес, әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту. Қазір өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек.
– Елімізде корей этносының тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі қалай дамып жатыр?
– Елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдеріне өздерінің тарихын, салт-дәстүрлері мен халықтық қалпын сақтаулары үшін үлкен мүмкіндіктер мен конституциялық құқықтар берілген. Ең бастысы, қазіргі күні қазақстандықтар өзара келісім мен бірлікке қол жеткізіп отырған мемлекеті баянды, мәңгілік ел ететін факторға айналып отыр. Түрлі ұлттар мен ұлыстар ұмыт бола бастаған тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алуда.
Алматы қаласындағы Корей Республикасының білім беру Министрлігінің білім беру мекемесі Білім беру орталығы ашылған алғашқы күндерінен бастап мәдени орталықтарға зор көмек көрсетуде. Қауымдастық корей өнері фестивальдарын өткізіп отырады, жалпы білім беретін мектептердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында тілді жетік білу бойынша республикалық сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Сайыстың жеңімпаздары Халықаралық сайысқа қатысу үшін Тэджон қаласына жіберіледі. Одан бөлек корей тілінің оқытушылары Корея Республикасының жоғары оқу орындарында машықтанудан өтіп тұрады.
– Сұхбатыңызға рақмет!