25 августа 2025 г. 11:40

Диқандар дабыл қақты: Жамбыл облысына су жетпей жатыр

Фото: ғаламтордан

Жамбыл облысы Шу ауданының диқандары дабыл қағып, NEGE редакциясына хабарласты. Диқандардың айтуынша, су жетпей жатыр, Тасөткел су қоймасының деңгейі түсіп, аңқасы кеуіп барады. 

Диқандар жіберген видеодан байқағанымыздай, су қоймасының деңгейі қатты төмендеп, әр тұсынан аралдар көрініп тұр. «Су деңгейі «қызыл сызықтан» да төмен түсіп кетті. Шу ауданының диқандарына су жетпей жатыр. Қазір диқандар дабыл қағуда», – дейді видео авторы.

Өткен жылы жазда Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барғанда Тасөткел су қоймасын реконструкциялау барысымен және ауыл шаруашылығында қолданылып жатқан су үнемдеу технологиясымен танысқан. Сол кезде облыс әкімдігі «Тасөткел су қоймасы 90 пайызға толды» деп сүйіншілегені де есте.

Ал өткен жылдың соңында ғана Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Соңғы үш жылда Тасөткел су қоймасында үлкен жұмыс атқарылды. Бұл бізге алдағы 2-3 жылда 620 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Келесі жылы біз су қоймасына 500 млн текше метр су жинауды жоспарлап отырмыз», – деген. 

Енді міне, арада сегіз ай өтер-өтпесте Тасөткел су қоймасының деңгейі түсіп, диқандар дабыл қағып жатыр. Нұржігітов уәде еткен 500 млн текше метр су қайда? Қандай «көлтауысар» ішіп кетті? Диқандардың айтуынша, қазір қауіп төніп тұрғаны тек бақша дақылдары ғана емес, жоңышқа да шықпай қалуы мүмкін. Судың жетіспеуі үлкен шығынға ұшыратып қана қоймай, малдың қыстық шөбін жинауға да зиянын тигізеді.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Делегация құрамында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те болды. Стратегиялық маңызы бар Тасөткел су қоймасының жай-күйін Н.Нұржігітов Мемлекет басшысына баяндады ма? Су тапшылығы мәселесі сапар барысында сөз болды ма? Өңірдегі су қоймаларына су қырғыз жерінен жететінін, ал су тапшылығы азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін Нұржігітов біле ме?

Н.Нұржігітов. Фото: ғаламтордан

Естеріңізге салайық, Тасөткел су қоймасы Шу және Мойынқұм аудандарының шамамен 35 мың гектардай суармалы жерін сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы жерден Тасөткел ГЭС қажеттілігі үшін су береді, Шу өзенінің төменгі ағысындағы Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандарына және Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық сумен қамтамасыз етеді.

Стратегиялық маңызы бар су қоймасының жайы диқандарды ғана емес, Үкіметті де алаңдатса керек еді, алайда құзырлы органдар тарапынан әзірге белсенді қимыл байқалмайды.

NEGE порталы оңтүстік өңірлердегі су тапшылығына байланысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке ресми сауал жолдады.