ChatGPT Қазақстанға қосымша 1,8 миллиард теңге салық төледі

ChatGPT-ді әзірлеген компания Қазақстан бюджетіне 1,8 миллиард теңге көлеміндегі салықты кем төлеген.

habr.com

Астана, NEGE. Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділовтің мәлімдеуінше, салық органдарының хабарламасынан кейін ғана сома бюджетке толық аударылған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша фискалдық органдар 77 шетелдік интернет-компанияның  салық міндеттемелерін толық орындамағанын анықтаған. Платформалардың бір бөлігі Қазақстанда шартты тіркеуде болмаған. Ал кейбір компанияларда қазақстандық пайдаланушылардың төлем мөлшері мен төленген қосылған құн салығы (ҚҚС) сомасы арасында сәйкессіздік анықталған.

Талғат Әділовтің айтуынша, хабарлама жіберілгеннен кейін сегізге жуық компания тиесілі салықты төлеген.

«Ірі сомалар жөнінде айтсақ, ChatGPT 2025 жыл үшін 1,8 миллиард теңге қосымша салық төледі», – деді Талғат Әділов.

Оның айтуынша, ірі салық төлеушілердің бірі – AliExpress компаниясы камералдық бақылау нәтижесінде Қазақстан бюджетіне қосымша 600 миллион теңгеден астам қаржы аударған.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері Қазақстан аумағында электронды сауда жасап, цифрлық қызмет көрсететін шетелдік компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндеттелген. Осы уақыт аралығында шартты тіркеуден өткен 120 шетелдік компания тіркеуден өткен. Оның 22-сі өткен жылы тіркелген.

Жалпы алғанда, «Google салығы» қолданысқа енгізілгелі бюджетке 136 млрд теңге аударылған, соның ішінде биыл қаңтарда бюджетке 8,7 млрд теңге салық түсті.