12 августа 2024 г. 12:15

«Бүйрегіңізді бере тұрыңызшы...» – Қазақстанда қанша адам донор күтіп жүр?

Фото: Коллаж NEGE

Адам баласына берілген ең бағалы құндылықденсаулық. Денсаулығың мықты болса, еш жерің ауырмаса, әлемдегі ең бай адамсың. Атамыз қазақ«Жан ауырса тән азады, қайғы басса жан азады» деп бекер айтпаған. Кейде, барымызды бағаламай жататын кездеріміз болады. Дәл сол сәтте әлемде қаншама адам жүрек, бауыр, өкпе, бүйрегі және басқа да дене мүшелерін ауыстыруға мұқтаж екенін ойлағанда тәубемізге келеміз.

Қазақстанда қазір 4 мыңға жуық адам трансплантацияға мұқтаж. Трансплантация деген не? Егер адамның қандай да бір дене мүшесі жарамсыз болса, оны ауыстыру қажет. Дәлірек айтқанда, органдар мен тіндерді ауыстыру. Мұны медицина тілінде трансплантация дейді.

Қазақстанда жүректі, өкпені, бауырды, бүйректі, ұйқы безін трансплантациялау жүргізіледі. Қазір, елімізде төрт мыңға жуық науқас дене мүшелерін ауыстыруға мұқтаж. 3660 ересек адам мен 85 бала – бүйрегін, 180 ересек адам мен 10 бала – бауырын, 15 ересек адам – өкпесін, 138 ересек адам мен 6 бала – жүрегін, 2 ересек адам мен 3 бала жүрегі мен өкпесін ауыстыруға кезекте тұр.

Орган ауыстыруға не кедергі?

Науқастардың саны күн санап артпаса, кеміп жатқан жоқ. Жыл сайын, тізімдегілер квотаның кезегін күтіп, қажетті донор табылмай өмірден өтіп жатыр. Мәселен, бүйрек доноры табылмауының салдарынан жылына 380 адам жан тапсырады. Донордың табылмауына бірден-бір себеп – қайтыс болған адамдардың туыстары жарамды ағзаларды алуға рұқсат бермеуі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 209-бабына сәйкес, миының жұмысы тоқтаған, 18 жастан асқан азаматтар ғана донор бола алады. Бірақ ол көзі тірісінде электронды үкімет порталы арқылы донорлыққа келісім бергенімен, о дүниеге аттанған соң туыстары қарсылық білдірсе, донор бола алмайды. Жақын адамдарының пікірі екіге жарылса да ағза алмастыру отасы жасалмайды.

Яғни, Қазақстанның барлық азаматтары тірі кезінде «Egov.com» мобильді қосымшасы арқылы қолхат жазып, қайтыс болғаннан кейін, донарлыққа өз еркімен келісім бере алады немесе бас тарта алады. Бірақ, бұл деректі көпшілігі білмейді. Айталық, еліміздегі жиырма миллион адамның 6 мыңы ғана қайтыс болғаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге келіскен. Оның өзінде туыстарының келісімінсіз адамның ағзасы алынбайды.

Ал шетелде қайтыс болған адамның ішкі органын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет емес. Адамның миы толық өлсе де, ол өзінің ағзасы арқылы 7 адамды құтқара алады. Өйткені, жүрек, ұйқы безі, бауыр, өкпе сияқты мүшелерін әртүрлі диагнозбен ауырып жатқан жағдайы мүшкіл адамдарға салуға болады. Осындай дұрыс тұжырымдаманың арқасында, Беларусьте науқастар саны азайып келеді. 2021 жылы бұл елде тізімде тұрған науқастар саны 3 мың болса, қазір бар болғаны 37-ақ адам.

Фото: ғаламтордан

Өлген адамның туыстары рұқсат бермеуі бірінші мәселе болса, екінші мәселе – ішкі органдарды сатуға салынған тыйым. Заң бойынша ешқандай ағза сатып алынбайды және тізімде тұрған науқастардың барлығына ота толығымен тегін мемлекеттің қаржысына жасалады. Сонда донорға мұқтаж адам оны қайдан табады?

Қазақстанда ағзалардан тек қана бүйрек пен бауыр ғана науқастың туыстары, жақындары арқылы трансплантацияланады. Бауырдың алпыс пайызы алынады. Өйткені бауыр қайтадан өсе береді. Бірақ қанша дегенмен, мәйіттік донорға, яғни толық бауырға жетпейді. Өйткені бауыр өскенімен, бәрібір толық қалпына келмейді. Ал бүйрекке келетін болсақ, тірі адам науқасқа бір бүйрегін бере алады. Ол үшін алдымен бүйрек тексеруден өтеді. Содан кейін ғана, бір бүйрегі 49 пайыз, біреуі 51 пайыз жұмыс істеп тұрған болса, 49 пайыз жұмыс істеп тұрған бүйректі науқасқа салады.

Донордың бүйрегі мен бауыры сәйкес келмеген жағдайда немесе науқастың басқа дене мүшелері ауыстыралатын болса, кезекке тұруға тура келеді. Тіпті, донор табылған күннің өзінде, ол науқастың туысы болмаса, ота жасауға рұқсат жоқ.

«Бүйрегімді Түркияда ауыстырып келдім...»

NEGE тілшісіне түсініктеме беруге келіскен Алмас Дәуренұлы (аты-жөні өзгертілді – ред.) амалсыздан шетелге барып, бүйрегін ауыстырып келген.

«Туыстарымның бүйрегі маған сәйкес келген жоқ. Кезек күтуге мұрша болмады. Аптасына бірнеше мәрте диализ қабылдау да қажытты. Сөйтіп, қажетті донорды әупірімдеп таптым. Алайда бір бүйрегін беруге келіскен жігіт менің туысым емес еді. Қайткенде де туыс жасау үшін әйелім оған туған сіңілісін қосуға келісті. Бірақ мұның да қисыны келмеді. Ақыры әлгі донорды Түркияға апарып, бір бүйрегін өзіме салғыздым. Қазір, жағдайым жаман емес. Егер елімізде трансплантация мәселесі толық шешілген болса, заңға томпақ әрекетке ешқашан бармас едім, өзге елге қаңғып барып, қыруар шығынға батпас едім ғой», – дейді кейіпкеріміз.

Ал 2007 жылдан бері бүйрегін ауыстыруды күтіп жүрген Айдар Шекенов былай дейді: «Өлген адамға ағзаның керегі не? Босқа шіріп қалады. Дәрігерлер өлген адамның ағзасын рұқсатсыз алып, заңға қайшы әрекет жасай алмайды. Өлген адамның туыстары дәрігерлерді сотқа беруі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер тәуекелге бара алмайды. Заң рұқсат етпегендіктен мен сияқты науқастар көбейіп барады. Бұрын тым құрығанда квота бар еді, бүйрек ауыстыруға шетелге жіберетін. Қазір шетелге де жібермейді, елде де ота жасамайды. Белгілі бір кезек жоқ. Бүйрек кімге сәйкес келсе, соған сала береді».

Шетелде бұл сала қалай дамыған?

Қытайда транспланталогия саласы 1960 жылдан бері дамыған, ал қазір мүлдем басқа деңгейде. Қытайлық дәрігерлер дене мүшелерін ауыстырып қана емес, сүйектің терісі мен адамның бетін ауыстыруды да қолға алды.

Фото: gov.kz

Еуропа елдерінде 95 пайыз ағза қайтыс болған адамдардан алынады. Адам қайтыс болғанына дейін ағзасын алмауға арыз жазып кетпесе, оның ағзасы туыстарының рұқсатынсыз алына береді. Қазақстандықтардың көбі шетелге барып органын ауыстырып жатқанының басты себебі осы. Бірақ, бағасы өте қымбат. Мысалы, Беларусьте бауыр ауыстыру отасының құны теңгеге шаққанда шамамен 70-80 миллион теңге аралығында. Ал Кореяда – 380 мың доллар, Германияда – 320 мың доллар.

Дамыған елдердің халқы да сауатты. Айталық, Швейцария мен Италияда әрбір екінші адам миы сөнген жағдайда ішкі органдарын беруге қарсы емес екен.

Дін трансплантация туралы не дейді?

Ислам дінінде трансплантацияға тыйым салынбаған. Яғни ағзаларды ауыстыруға, қан құюға тыйым салмайды. Тек ағзаларды өміріне қауіп төнген жағдайда ғана беруге болады.

Мұсылман елдері ішінде мәйіттік трансплантация саласы бойынша жақсы дамыған ел – Иран. Мұнда жылына шамамен 580 мәйіттік трансплантация жасалынады. Ал Сауд Арабиясында бұл көрсеткіш – 300.

Орыс православие шіркеуі – адам өмірін құтқару немесе оның мүгедек болып қалмауы үшін қажетті болса, ағзаларды ауыстырып салуды қолдайды. Алайда, трансплантологияны табыс көзіне айналдыруға қарсы, себебі ол адам органдарының сауда-саттығына әкеліп соғады.

Фото: ғаламтордан

Католик шіркеуі трансплантологияны ғылымның жоғары жетістіктерінің бірі санайды және ағза ауыстыруды қолдайды. Донор немесе оның заңды өкілі келісімін бермеген жағдайда трансплантацияға тыйым салынады.

Дәрігерлердің уәжі қандай?

Оңтүстік Кореяда мәйіттің ішкі ағзасын алуға рұқсат берген жағдайда туыстарына 10 мың доллар төлейді екен. Бұл турасында Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Болатбек Баймаханов бүй дейді: «10 мың доллар болмаса да ақы берсе, халық бұл мәселеге басқаша қарай бастайтын еді. Кейде тіпті жаназаға ақша таппай қалатындар да бар».

Ал трансплантолог дәрігер Рахымжан Үмбетжановтың пікірі мынадай: «Егер адам көзі тірі кезінде ішкі органдарын алуға өзі рұқсат берсе, туыстарының келісімін сұрау қажет емес деп есептеймін. Заңға осындай өзгеріс енгізгенін қалаймын. Егер осындай өзгеріске қол жеткізе алсақ, дамыған елдердегі сияқты транспланталогияның түйткілдері өздігінен шешілер еді. Мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалар едік».

Маманның айтуынша, заңды өзгертпесек Қазақстанда трансплантология саласы құрдымға кетеді. Себебі, статистикаға қарасақ 2012 жылы бір ғана мәйіт донор болған. 2013 жылы – 4, 2014 жылы – 10, ал 2015 жылы 22 адамға жеткен. Одан кейін қайтадан құлдырау байқалған. 2016 жылы – 16, 2017 жылы – 11, 2018 жылы – 0, 2022 жылы – бар-жоғы 4 донор.

Түйін

Адами тұрғыдан қарасақ та, ғылми тұрғыдан алсақ та, донорлыққа келісім беру арқылы өзге адамның өмірін сақтап қалу – дұрыс жол. Ол үшін ең алдымен халықтың сауаты артуы керек. Бірақ бұл көп уақытты алады. Сондықтан да транспланталогияға қатысты заңды қайтадан қарастырған жөн.

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.