17 февраля 2026 г. 11:04

Burger King төңірегіндегі дау: басшыны қызметінен уақытша шеттетті

Фото: depositphotos. com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Burger King-тің аутизмі бар қызметкері Әлібек Қаратайдың оқиғасын бақылауға алғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың үйіне барып, өзімен және телефон арқылы әкесімен сөйлесіп, еңбек заңнамасында қарастырылған құқықтарын түсіндіріп берген. 

«Алматы қаласы мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барды. Қызметкердің әкесімен телефон арқылы сөйлесу барысында өтініш беру тетіктері мен еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді», – делінген хабарламада.

Burger King өкілдері министрлікке ұйым ішінде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

«Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылданды», – делінген ресми ақпаратта.

Ведомство өкілдері жағдай барысын қосымша хабарлап отыруға уәде берді.

Айта кетейік, бұған дейін Burger King-тің жаңа келген басшыларының бірі аутизмі бар қызметкер Әлібек Қаратайға қысым көрсетіп, жұмыстан шығуға мәжбүрлегенін жазған едік. Әлібектің оқиғасын желіде анасы баяндап берді. Сол мезетте бұл жағдай қызу талқыланып, ел тұрғындары Burger King-ке бойкот жариялады.