«Әлібекті қайтарыңдар!»: Burger King НЕГЕ елдің ашуын келтірді
Осы күндері Burger King-тің аутизмі бар 27 жастағы қызметкері Әлібек Қаратайдың оқиғасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары компанияға байкот жариялады.
Астана, NEGE. Әлібектің басынан өткен жағдайды Threads желісінде анасы, әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратай баяндап берді. Әлібек Burger King Kazakhstan компаниясында төрт жыл бойы аспаз болып, табысты еңбек еткен. Алайда аймақтық басшы ауысқаннан кейін, анасының айтуынша, ұлына қысым көрсетіле бастаған.
«Қатты ашулымын, күйреп қалғандаймын. Қазір өзімді қайта қолға алып жатырмын. ...Жаңа аймақтық басшы келген сәттен бастап бәрі өзгерді. Жасырын қысым басталды. Күзден бері Әлібек қатты өзгеріп жүрді. Біз не жағдай болғанын хабар келгенде бір-ақ білдік – жұмыстан кетуге мәжбүрлеген екен... Ол (жаңа басшы – ред.) біздің елге жақында келген әрі оның инклюзивті қоғам туралы мүлде түсінігі жоқ болып шықты. Аутизмі бар адамдардың да басқалармен тең дәрежеде жұмыс істей алатынын бұрын-соңды естімеген де, көрмеген де.
...Қазір өзімді қолға алуға тырысып жүрмін, біз Әлібектің адамдарға деген сенімін қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Әзірге айтарым осы ғана», – деп жазды Әлібектің анасы.
Қоғамда резонанс тудырған бұл жайтқа Burger King өкілдері түсініктеме беріп, компанияда ішкі тексеру жүріп жатқанын хабарлады. Олардың мәлімдеуінше, Әлібек Қаратай жұмыстан шығарылмаған.
«Ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ.
2026 жылдың 29 қаңтарында HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама келді. Содан кейін Әлібек уақытша жұмысқа шығуды тоқтатты, бірақ компания белгіленген нысанға сәйкес ресми өтінішті алған жоқ. 6 ақпанда қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға хабарласып, өзі жазған Әлібектің жұмыстан шығу туралы өтінішті алып келді. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мұндай өтініштерді қызметкер өзі келіп жазу керек», – дейді компания өкілдері.
Компания Әлібекке басқа мейрамханаға ауысуды ұсынған.
«Қазіргі уақытта компания барлық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету және әрбір қызметкер үшін ең қолайлы жұмыс жағдайларын жасау мақсатында ішкі тексеру, ұжыммен өзара әрекеттесуді талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз қоғамды асығыс қорытынды жасамауды және расталған фактілерге сүйенуді сұраймыз. Burger King Kazakhstan ашық және құрметпен әңгімелесуге әрқашан дайын», – делінген ресми хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, қазіргі уақытта Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменті оқиғаның мән-жайын зерделеп жатқанын мәлімдеді. Министрлік өкілдері еңбек заңнамасы аясында барлық фактіге құқықтық баға берілетінін атап өтті.