Бітіру кешіне қаржы жинауға қатаң тыйым салынады – Оғу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігі мектеп түлектерінің бітіру кешіне байланысты мәлімдеме жасады.

gov.kz

Астана, NEGE. Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге қатысты талаптарды нақтылаған. 

Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді.

«Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады. Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады», – делінген ведомство хабарламасында.

Осы ретте жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылған.

Еске салсақ, жуырда алматылық көпбалалы ана түлектердің бітіру кешіне әр баладан 200 мың теңгеден қаржы жинап жатқанына шағымданып, Президентке видеоүндеу жолдаған еді. Өзін 30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер ретінде таныстырған ана бітіру кешіне жоспарланған шығындарды мұқият зерделеп, мектеп әкімшілігі мен білім басқармасына кеш өткізудің баламалы нұсқасын ұсынған. Алайда мектеп ол ұсынысты мүлде қарастырмаған. 

Осы жайттан кейін аудандық білім бөлімінің бастығы мен мектеп директоры тәртіптік жауапқа тартылды.

Қазір оқып жатыр

Құлыбаевтың біз біле бермейтін бизнесі. «Кар Сити» НЕГЕ миллиард әкелді?

Атырауда полиция басшылары қызметінен шеттетілді

«Күнде олардың даусын еститінмін»: көршісі елордада үш бала мерт болған өрттің мән-жайын айтты

Мамырда Қазақстан халқы қанша күн демалады?