Бос тұрған "барахолка". Қытай тауарларын сатып жүрген саудагерлер вирустан опық жемек
Қытаймен арадағы шекара тауар айналымы үшін ашық деп қуануға әлі ерте. Коронавирустың кесірінен Қытайда өндірістің жабылуы бағаның өсуіне, ең бастысы бірқатар тұтыну тауарларының тапшылығына әкеледі. Бұл Қазақстандағы жеке кәсіпкерлер, саудагерлердің банкроттығына жетелеуі мүмкін.
Осы тақырыпта Экономикалық бастамаларды қолдау қоры өзінің кешенді зерттеуін жариялады. Қор сарапшыларының айтуынша, бізде Қытай тауарларының бөлшек сауда айналымы кемінде 2 триллион теңгені құрайды.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстан ішіндегі бөлшек сауда айналымы 10 трлн теңгеден асқан. Жалпы тауар айналымының 66,5 пайыз үлесін азық-түлікке жатпайтын тауарлар алады. Жеке кәсіпкерлік түрінде 1,3 миллионнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Оның ішінде Алматыда 200 мыңға жуық жеке кәсіпкер бар. «Атамекен» палатасының мәліметінше, Алматыда 48 мың кәсіпкер көтерме және бөлшек саудамен айналысады.
"Олардың кем дегенде үштен бірі Қытай тауарларын алып-сатумен жүргенін ескерсек, бір ғана Алматыда 16 мың жеке кәсіпкер күйіп кетуі мүмкін" дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.
Үкіметке есеп берген қаржы министрі Сұлтанов бірқатар сатушылардың "Қытаймен шекара жабылды" деген желеумен тауар бағаларын қымбаттатып жібергенін хабарлаған болатын. Жалпы нарық түрлі өсек-аянға тез елеңдегіш. "Біз Ялянда (Алматыдағы ірі қытай базары) бағаларды тексердік, ақпан айының басынан бері электроника, кеңсе тауарлары сынды ұсақ-түйек тауарлар бағасының өсуі 8–9 пайызды құрады. Бұл қазір шекара ашық тұрғандағы жағдай" деп жазады, қор сарапшылары.
Қытай Қазақстан үшін Ресейден кейінгі екінші ірі импорттаушы болып табылады. Тіпті контрабанданы есепке алмағанда, ресми мәліметтер бойынша 2016 жылдан бастап Қытайдан келетін импорттық тауарлар көлемі өсіп келеді. 2018 жылы Қытайдан Қазақстанға 5,38 миллиард долларға тауар келген. Бұл шамамен 1,8 триллион теңге.
Мұнымен бар бәле таусылмайды. Арнайы құрал-жабдықтар, машиналар, жабдықтар мен қазандықтар шығаратын зауыттар жабылса, Қазақстан экономикасы елеулі соққы алады. Қытайдан келетін импорт құрылымындағы жалпы үлестің жартысына жуығы (45,6%) жабдықтар мен механикалық құрылғылар, қазандықтар және электр машиналары. Олардың импорты инфрақұрылымдық жобалар мен үкіметтік бағдарламаларды іске асыру үшін, жолдар мен тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар құрылысы, өндіріс орындары мен цехтардың жабдықталуы үшін өте маңызды. Тіпті импорттың орнын басуы тиіс «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бізге Қытайдан құрал-жабдықтар мен станоктар әкелу керек.