Боранбаевтың бұрынғы фитнес орталығы 2,3 млрд теңгеге сатылды

Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке өткізген Fitnation спорт кешені сатылды.

fckairat.com

Астана, NEGE. Алғашында нысан 2,9 млрд теңгеге саудаға шығарылған. Алайда сатып алушы табылмаған соң бастапқы бағасы 2,04 млрд теңгеге дейін төмендетілді.

3 қарашада өткен саудада кешен 2 млрд 305 млн теңгеге сатылды. Бұл бастапқы төмендетілген бағадан 13 пайызға жоғары. Сатып алушының кім екені әзірге белгісіз.

Тұран даңғылында орналасқан төрт мың шаршы метрлік ғимаратпен бірге 510 түрлі жабдық та сатылды. Ал жер телімі бұл бағаға кірмейді.

Fitnation бұған дейін Қайрат Боранбаевтың қылмыстық ісі бойынша мемлекет меншігіне өткен. Кейін Астана әкімдігі кешенді ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту үшін пайдаланған.

Еске салсақ, 2023 жылдың қыркүйек айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Қайрат Боранбаевты алты жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал 2023 жылдың қарашасында ол бостандыққа шықты. Себебі жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды. 2026 жылдың маусымында Боранбаев пробация есебінен шығарылған. Яғни қазір ол шетелге емін-еркін шыға алады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, көгілдір отын импорты кезінде қаражат жымқыру ісі аясында Қайрат Боранбаев 14,5 млрд теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеген. Сондай-ақ ол мемлекет меншігіне жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді өз еркімен қайтарған. Сонымен қатар ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған.