«Алтын доп» рәсіміне қатысқан Боранбаевқа шетелге шығуға кім рұқсат берді?
«Алтын доп» марапатын табыстау рәсіміне қатысқан кәсіпкер Қайрат Боранбаев биыл маусым айында жазасының қалған бөлігін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) хабарлады.
Астана, NEGE. Бұған дейін Боранбаевтың Лондонда өткен «Алтын доп» рәсіміне барғаны белгілі болды. Осыған байланысты оның шетелге шығуына шектеу бар ма деген сұрақ туындады.
ҚАЖК мәліметінше, кәсіпкер бұрын бас бостандығын шектеу жазасын өтеп, пробация қызметінің есебінде тұрған. Кейін жазасының қалған бөлігін өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрап, сотқа өтініш берген.
Сот оның өтінішін 2026 жылғы 1 маусымда қанағаттандырған. Ал 18 маусымда Боранбаев пробация есебінен шығарылған.
Комитеттің хабарлауынша, қазір кәсіпкерге бас бостандығын шектеу жазасы мен пробация қызметінің бақылауына байланысты ешқандай шектеу қойылмаған.
Еске салсақ, 2023 жылдың қыркүйек айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Қайрат Боранбаевты алты жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал 2023 жылдың қарашасында ол бостандыққа шықты. Себебі жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, көгілдір отын импорты кезінде қаражат жымқыру ісі аясында Қайрат Боранбаев 14,5 млрд теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеген. Сондай-ақ ол мемлекет меншігіне жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді өз еркімен қайтарған. Сонымен қатар ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған.