1 июля 2025 г. 13:52

Бокстан Өзбекстанның ерлер құрамасы Астанада өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңіне не себепті қатыспады?

Фото: ғаламтордан

Өзбекстанның бокстан ерлер құрамасы 2025 жылы Астанада өтетін World Boxing Әлем кубогының кезеңіне қатыспайтыны белгілі болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.

Астана, NEGE. 28 маусымда өткен мандаттық комиссия отырысынан кейін тіркелгендер тізімінде тек Өзбекстанның әйелдер құрамасы ғана болды. Бұл ерлер құрамасының турнирге қатыспайтынын білдіреді.

Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмурат Мұталип Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңіне Өзбекстанның ерлер құрамасының қатыспауы туралы пікір білдірді.

«Бізде боксшылар арасында да, федерация өкілдері арасында да өте жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Бір-бірімізге деген үлкен құрмет бар. Әр құраманың жыл басында бекітетін өздерінің күнтізбелік жоспары болады. Әлем чемпионатының алдындағы дайындық шеңберінде олардың бұл турнирге қатысуы жоспарланбаған. Мысалы, біз де Бразилия мен Польшада өткен кезеңдерге қатысқан жоқпыз. Сондықтан бұл жерден қандай да бір саяси астар немесе күмән іздеудің қажеті жоқ. Бұл – тек күнтізбелік жоспарға байланысты қабылданған тактикалық шешім», – деп атап өтті Шахмурат Мұталип.

Өзбекстан ерлер құрамасының бас бапкері Тулкин Қиличев бүгін Астанада басталған бокстан Әлем кубогына қатыспау туралы команданың шешіміне қатысты пікір білдірді.

«Қазір біз жалпы физикалық дайындыққа баса назар аударып отырмыз. Бізге Украина, Тәжікстан және Жапониядан боксшылар келді. Жоспарымызда бірнеше жолдастық кездесулер өткізу бар. Әлеуметтік желілерде не айтылып жатқанына қарамастан, біздің шешім саяси немесе басқа да түсініксіз себептермен байланысты емес.

Біздің жігіттер бірге өсіп, дамып келеді. Тіпті, қазақстандық боксшыларды мен жасөспірім кездерінен бастап білемін. Өзбекстан мен Қазақстан әлі талай мәрте әлем және Азия чемпионаттарында кездесетін болады. Біздің де, сіздердің де спортшыларыңыз үлкен жетістіктерге жетіп, әлемдік бокстың тарихына есімдерін алтын әріппен жазып қалдырса, мен шын жүректен қуанамын», – деп атап өтті маман.

Астанада басталған Әлем кубогы халықаралық World Boxing ұйымының аясында өтуде және 7 шілдеге дейін жалғасады. Бұл турнирге 30 елден 300-ден астам боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салады.

Аталған жарыс халықаралық деңгейдегі жаңа турнир, оның басты мақсаты Олимпиадалық бокстың негізгі алаңын қалыптастыру. Бұл бастама Халықаралық Олимпиада комитеті Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) мойындауды тоқтатқаннан кейін қолға алынды.

Астанадағы кезең рейтингтік жүйеде маңызды рөл атқарады және спортшыларға 2025 жылдың 15–22 қарашасы аралығында Үндістанда өтетін суперфиналға жолдама беретін ұпай жинауға мүмкіндік береді.