13 ноября 2025 г. 15:26

Сотта Бишімбаевтың әкесі ракпен ауыратыны айтылды

Фото: Жоғары сот

Бишімбаевтар отбасынан қомақты қаржы алып, қайтармады деген күдікке ілінген Бекзат Кемеловаға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Аталған іс Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында қаралуда.

Астана, NEGE. Жәбірленуші Альмира Нұрлыбекова күдікті өзінің туысы екенін айтты.  

«Бекзат Кемелованы мен 15 жылдан астам уақыттан бері өте жақсы білемін. Ол — күйеуімнің немере ағасының әйелі», — деді Нұрлыбекова.

Айтуынша, Кемелова екеуінің арасында іскерлік және сенімді қарым-қатынас болған. Кемелова оған Антикорда туысы бар екенін айтып, сол адам Бишімбаевтардың үйінде тінту жүргізілетіні туралы ескерткен.

«Мен оған сендім, сосын ақшаны кімге беруге болатынын ақылдастық. Менің көп жиендерім, туыстарым бар, соларға берермін деп ойладым. Бірақ ол: «Сенің барлық туыстарың Антикор тізімінде, 30 адам, бәрін бақылап отыр, жақында сендерге де тінту келеді, тек Кемеловтар бұл тізімде жоқ» деді. Сондықтан мен ақшаны (990 мың долларды) сақтау үшін оған бергенім дұрыс деп шештім»,— деді жәбірленуші.

Нұрлыбекованың сөзінше, Кемелова ақшаны қайтаруға уәде берген, бірақ уақытында қайтармаған. Кейін «ақшаны бір адам Америкаға алып кетті» деп сылтау айтқан. Осыдан кейін Бишімбаевтар отбасы Кемелованың күйеуін шақырып, ақшаны қайтаруға көмектесуін сұраған.

«Кейін Бекзат маған телефон соғып: «Неге сен оған ақша туралы айттың? Күйеуім мені ұрып-соқты, бүйрегіме зақым келді. Мен саған жақсылық істейін, ақшаны сақтап берейін дегенмін» деп жылады,— дейді Альмира Нұрлыбекова.

Сондай-ақ, сот отырысы кезінде Нұрлыбекова ұлы Қуандық Бишімбаевты қатты уайымдайтынын айтып, көзіне жас алды.  

«Біз күйеуім екеуіміз өте ауыр жағдайда болдық, мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Күйеуім ракпен ауырады, жүрегі сыр берді. Күндіз-түні бір ғана ой мазалады – ұлымыздың жағдайы не болады? Егер мені қамаса, одан әрі не болмақ…» — деді ол сотта.

Өз кезегінде Бекзат Кемелова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және Бишімбаевтар отбасы қойған азаматтық талаппен келіспейтінін мәлімдеді. Кемелованың сөзінше, оның күйеуі бұрын сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген және Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сараптама қорытындысын бұрмалаудан бас тартқан. Ол Бишімбаевтар өзін соттатып, осылайша кек алмақшы деп санайды.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтардың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов Бекзат Кемелованың ақшаны алғаны туралы WhatsApp желісінде жазылған хаттар мен куәгерлер бар екенін айтқан болатын.