Бишімбаевтардың 1 млн доллары: туысына үкім шықты
Астанада Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованы алдап, отбасының қомақты қаржысын қолды қылды деп айыпталған туысы Бекзат Кемелова сотталды.
Астана, NEGE. Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған Кемеловаға қатысты іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралды.
Тергеу дерегінше, 2023 жылдың соңында Кемелова ұлының сотымен жүрген Нұрлыбекованың жағдайын пайдаланып, 990 мың долларын тәркілеуден сақтау мақсатында уақытша беруге көндірген. Кейін бұл қаражатты Кемелова өз қалауы бойынша пайдаланып, жәбірленушіге аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.
Сотта прокурор Кемеловаға мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Жәбірленуші тарап барынша қатаң жаза тағайындауды және келтірілген материалдық залалды өндіруді талап етті.
«Сот үкімімен Кемеловаға мүлкін тәркілей отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Кемелованың кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан жазаны өтеуі 1 жыл мерзімге кейінге қалдырды. Жәбірленушінің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды», – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін адвокат Ерлан Ғазымжанов NEGE-ге бұл оқиға Бишімбаев тергеуінің қызған шағында басталғанын айтқан еді. Экс-министр азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы қинап өлтірді деп айыпталған болатын. Ол сот үкімімен 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол кезде жұртшылық отбасының байлығын тексеруді талап еткен болатын.
Адвокаттың айтуынша, тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі – ред) «Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің ғана фамилия жоқ екен. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой», деп сендіреді.
Альмира Нұрлыбекова басында тартыншақтағандай болады. Бірақ ойлана келе, туысына сеніп, 1 млн долларын береді.
«Сот өтіп, Қуандық Бишімбаевқа жаза тағайындалған соң, Альмира несиесін, шығынын төлеу үшін ақшасын сұрайды. Бірақ неге екені белгісіз, күнде "ертең", "келесі апта" деп жүріп, ақыр соңында "Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз" деп сөзінен тайқып шыққан», – дейді Ғазымжанов.
Бишімбаевтардың болжамынша, туысы ол ақшаны жылжымайтын мүлікке және шетелдік демалыстарға жұмсаған.