Бишімбаев пен Мәсімов жаңа рақымшылыққа іліге ме?

Мәжіліс жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Құжатта ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша келтірілген шығын толық өтелген жағдайда жаза мерзімдерін қысқарту қарастырылып жатыр. Осыған байланысты қоғамда экс-министр Қуандық Бишімбаев пен бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов секілді сотталғандарға да рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұрақ туындады.

NEGE

Астана, NEGE. Қоғамда «Рақымшылық кімдерге қолданылады?» деген сауал қызу талқыланып жатқандықтан, заңгер Ринат Баймолда рақымшылықтың құқықтық тетіктерін түсіндірді.

Заңгердің сөзінше, террористік, жыныстық сипаттағы қылмыстарға, адам өлтіру, шпиондық секілді ауыр баптарға рақымшылық қарастырылмайды. Сонымен қатар бұрын бірнеше рет сотталған адамдар да бұл тетікке ілікпейді. 

«Кәрім Мәсімов пен Қуандық Бишімбаевқа рақымшылық қолданылмайды. Себебі рақымшылық туралы заң қоғамға қауіпті қылмыстар үшін сотталғандарға, сондай-ақ бірнеше рет сотталған адамдарға жүрмейді.

Жалпы, рақымшылық сот үкімін толық жоймайды, тек жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береді. Яғни адам қылмыстық жауапкершіліктен толық босап кетпейді, соттылығы сақталады.

Рақымшылық жасау кезінде қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және сотталған адамның бұрынғы құқықтық тарихы ескеріледі», – деді Ринат Баймолда.

Мәжілістің ресми сайтында жарияланған заң жобасына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасы белгілі бір жағдайда қысқартылуы мүмкін. Егер сотталған адам келтірілген залалды толық өтесе немесе оған қойылған талаптарды орындаса, ауыр қылмыс бойынша жазаның өтелмеген бөлігі үштен бірге, аса ауыр қылмыс бойынша төрттен бірге қысқартылады.

Ал мұндай талаптар орындалмаған жағдайда жеңілдік көлемі азаяды: ауыр қылмыс бойынша жаза төрттен бірге, аса ауыр қылмыс бойынша бестен бірге қысқаруы мүмкін.

Бірақ рақымшылық бәріне бірдей қолданылмайды. Сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, қасақана кісі өлтіру, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған адамдарға бұл заңның күші жүрмейді.

Қуандық Бишімбаев пен Кәрім Мәсімов кінәлі деп танылып, сотталған баптар рақымшылық қолданылмайтын жағдайларға жатады. Атап айтқанда, кісі өлтіру (99-бап), қинау (110-бап), мемлекетке опасыздық жасау (175-бап), билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану (362-баптың төртінші бөлігі).

Қазір оқып жатыр

«Дөңгелек ұшып кетердей»: қарағандылықтар жолдағы терең шұңқырларға шағымдануда

Қазақстандағы ең кедей өңір белгілі болды: жағдай нашарлай түскен

Ұлттық қауіпсіздік қызметі «мұнай магнаты» Фрэнк Монстрейге іздеу жариялады

Енді «автодозвонның» орнына SMS-хабарлама жіберіледі: ережеге өзгеріс енгізілмек