«Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес» НЕГЕ құрылды?
10 тамызда Nege.kz порталында «Құпия құжат: Күзде төтенше жағдай қайта орнауы мүмкін» деп аталатын зерттеу мақала жарияланған. Онда күзде қайталану ықтималдығы жоғары коронавирус індетінің салдарын сөз етіп, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы – Президенттің көмекшісі Әсет Исекешев пен Президенттің тағы бір көмекшісі Тамара Дүйсенова дайындады деген әлдебір құжатқа тоқталдық.
Ол құжатта екі сценарий қарастырылған:
Бірінші сценарий. Денсаулық сақтау министрінің болжамына сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін індет жұқтырғандар саны 2,5 млн адамға жетеді, оның ішінде 550-600 мың адам ауруханаға жатқызылады. Қайтыс болғандар саны биіліктің іс-әрекетіне қарай 20-40 мыңның шамасында болады. Ал қазан-қараша айындағы індеттің шарықтау кезеңінде ауруханада орынға деген сұраныс 85 мыңға жетеді. Қазіргі кезде қорда 56 мың орын бар.
Екінші сценарий. Қауіпсіздік кеңесі аппараты мен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ бірлесіп жасаған болжам бойынша 2020 жылдың аяғына дейін КВИ мен пневмония жұқтырғандардың саны 2,6 млн адамға жетеді. Жыл соңына дейін барлығы 722 мың адам ауруханаға жатады, оның ішінде жыл соңына дейін 125 мың адам бір уақытта түседі. Алайда, бүгінде бұл жағынан күшіміз 56 мың орыннан аса алмайды. Орын қорын қыркүйекте 10 мың, қазанда 24 мыңға, қарашада 41 мың орынға арттырады. Өлім-жітім де биліктің іс-әрекетіне байланысты 17 мыңның төңірегінде болады.
Сондай-ақ күзде індет жұқтырған науқастардың саны күніне 6 мың адамға жетуі мүмкін екені, соған байланысты қазан-қараша айларында төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін екені айтылады.
«Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік құруды қолға алған дұрыс. Төтенше жағдай, тіпті эпидемия кезінде де мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыруды мойнына алуы керек. Министрлік Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Казавиаспас және санитарлық авиация, гуманитарлық көмекті бақылау мен жеткізу, сейсмикалық қауіпсіздік және басқа да азаматтарды қорғау мәселесіне қатыса бар құрылымдардың жұмысына қан жүгіртуі тиіс» дейді әлгі құжатта.
Осыған байланысты Nege.kz порталы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға ресми сауал жолдаған. Онда мынадай сұрақтар болды:
1. Қауіпсіздік кеңесі мен Президент әкімшілігі бірігіп, пандемиямен күреске байланысты дайындаған қандай да бір құжат Денсаулық сақтау министрлігіне түсті ме? Түссе, ол қандай құжат?
2. Күз-қыс айларында төтенше жағдай режимі қайта орнап, төтенше жағдайлар министрлігі қайтадан құрылуы мүмкін бе?
3. КВИ мен пневмония жұқтырғандардың саны жыл аяғына қарай 2,5-2,6 млн адамға жетуі мүмкін бе? Осылай болған жағдайда еліміз дайын ба?
4. Қазақстанда дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық, маска жеткілікті ме?
5. Індетке тосқауыл қоюға байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің қандай жоспарлары бар?
Министр Алексей Цойдың атына жолданған сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Т.Сұлтанғазиевтен жауап келді. Онда былай дейді:
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитеті, «Nege Media» сауалын өз құзыретінде қарап, келесіні хабарлайды.
2020 жылғы 29 мамырда «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес құру туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі шықты.
Бірінші індеттің тәжірибесін ескере отырып, коронавирус аурушаңдығының күзгі жағдайына дайындық жүргізілуде».
Үкімет басшысының өкімімен Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес құрылды. Ендеше, құзырлы органдарға әлгіндей «құпия құжат» жолдануы әбден мүмкін. Біз нақты сауалдар жолдаған Денсаулық сақтау министрлігінен әлгіндей екұшты жауап алдық. Енді нақты әрі жедел жауапты Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевтен күтеміз.