10 марта 2026 г. 15:45

«Былтыр ажырасып кеттік»: Мақпал Исабекова күйеуі жайлы сырымен бөлісті

Фото: instagram.com/makosyai

Әнші Мақпал Исабекова тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында алғаш рет отбасындағы құпиясымен бөлісті.

Астана, NEGE. Бағдарлама 14 ақпан – Ғашықтар күні түсірілгендіктен, Динара Сәтжан әншімен әңгімені сүйіктісі қалай құттықтағанын сұраудан бастаған.

«Құттықтаған жоқ. Біз сөйлеспейміз. Бір жыл бұрын ресми түрде ажырасып кеттік. Өткен жылдың ақпанында ажырастырды. Өкінішті де, өкінішті емес те.

Мұның символикалық мәні бар. Өмірімдегі ең маңызды оқиғалар – алғашқы жүктілігім, сөз салған сәті  – бәрі 14 ақпанда болды. 14 ақпанда сіздерге өзімнің еркін әйел екенімді жариялап отырмын. Барлық махаббат хикаясы әдемі басталады ғой, ешкім тұрмысқа шыққанда ажырасамын деп ойламайды», – дейді әнші.

Сондай-ақ Мақпал Исабекова желіде күйеуінің жүзін не себепті жасырып келгенін де түсіндіріп берді.

«Оқырмандарым үнемі "Неге күйеуіңіздің жүзін көрсетпейсіз?" деп жазатын. Ол ел назарында болғанды қаламады, бұл – оның құқығы. Мен оны құрметтеймін.

Ол жұрттың саусағын шошайтып: "О, Мақпал Исабекованың күйеуі" дегенін қаламады. Бәлкім, "Родионның әйелі" дегенін қалаған шығар», – дейді Мақпал.

Әнші ажырасуына бұрынғы күйеуімен ортақ тіл табыса алмағаны себеп болғанын айтады.

«Мен әдетте адамдармен тез тіл табысамын. Біреумен танысу, сөйлесу мен үшін қиын емес, мен ешқашан қарым-қатынастан қорыққан емеспін. Бірақ дәл күйеуіммен тіл табысу қиын болды. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да бізде диалог болмады. Біз сөйлесе алмадық», – дейді ол.

Әншінің айтуынша, екінші жүктілігі ауыр өткен. Сол уақытта қатты күйзеліске түсіп, жиі жылап, эмоциялық қиындықтарды бастан өткерген.

«Мен мұндай қарым-қатынасты қабылдай алмадым. Қызымa жүкті болған кезім қарым-қатынастың аяқталған кезі еді. Жүктілік бойы жалғыз болдым – ол жүйкеге салмақ салған, күйзеліске толы кезең еді. Жүктілікті сақтау үшін ауруханада жаттым. Баламен жалғыз қалдым. Сондықтан пәтерде жөндеу жұмыстарын бастап, жүктіліктің тоғызыншы айында үйді толық жөндеп шықтым», – деп сырымен бөлісті әнші.

Қазір әнші бар назарын өзіне, екі баласының тәрбиесі мен шығармашылығына аударғанын, өміріндегі қиын кезеңді артта қалдырғанын айтады.

Тегтер: