Биылғы алты айда Қазақстан кәсіпорындарында 500-ге жуық адам ауыр жарақат алған

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, кәсіпорындарда 727 жұмыскер зардап шеккен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,5%-ға өсіп отыр. Соның ішінде кәсіпорындарда 476 адам ауыр жарақат алған. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,4%-ға артқан.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын талдағанда, өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері ретінде мына жайттар анықталған:

  • жұмыс қауіпсіздік тұрғысынан тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы;
  • қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылаудың болмауы;
  • ақауы бар жабдықтарды пайдалану;
  • қаупі жоғары жұмыстарды жүргізу кезіндегі талаптардың бұзылуы.

Бұдан бөлек, министрліктің мәлімдеуінше, жазатайым оқиғаларға әкеп соғатын факторлар ретінде нұсқама беру мен жұмыскерлерді оқытуға формалды түрде қарау, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеу немесе оларды қолданбау, сондай-ақ жұмыс орындарының жай-күйіне бақылаудың жеткіліксіздігі атап өтіледі.

Осыған байланысты Еңбек министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қазақстан бойынша 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту жөнінде ұсынымдар жолдады.

Бұл ретте ведомство өкілдері кәмелетке толмаған жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына да айрықша назар аударылуы тиіс екенін атап өтеді. Заңнамаға сәйкес, 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді ауыр, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі уақыттағы және үстеме жұмыстарға тартуға қатаң шектеу қойылған. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы да көзделген.

«Еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиға туындаған жағдайда, жұмыс беруші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, оқиға орнындағы жағдайды сол қалпында сақтау бойынша қажетті шараларды қабылдауға, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен тергеп-тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы бір тәулік ішінде мемлекеттік еңбек инспекциясының тиісті аумақтық бөлімшесіне хабарлауға міндетті.